-6 C
Нур-Султан
Вторник, 4 октября, 2022
spot_img

Ұлы Отан соғысы және Мұқағали

Кіріспе

Адамзат тарихында жеңістер көп. Солардың ішінде мән-маңызы жөнінен шоқтығы биік – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс. Биыл осынау атаулы тарихи күнге 70 жыл толғалы отыр. Демек, біздің бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызға 70 жыл! Екінші дүние жүзілік соғыстың ішінде ең ауыры саналатын Ұлы Отан соғысында халқымыздың басым бөлігі Отан қорғау жолында мерт болса, майданды керек жарақпен қамту жолында еңбек етіп, Ұлы Жеңістің негізін қалаған тыл еңбекшілері қаншама. Соғыс тақырыбына шығармасына арқау қылмаған бір де бір ақын-жазушы қалмаған шығар. Патриоттық рух бар жерде Ұлы Жеңіс тақырыбы әрқашанда өзектілігін жоймай, жыл өтіп ұрпақ жаңарған сайын маңызы арта түспек. Өлкемізден шыққан ақиық ақынның соғыс тақырыбына арналған шығармаларын зерттей отырып,  атаулы оқиғаға аз да болса өз үлесімізді қосуды жөн көрдік.

Зерттеудің мақсаты: Хантәңірінің мұзбалағы атанған Мұқағали ақынның шығармаларын талдау арқылы Ұлы Отан соғысының өлкемізге тигізген әсерін зерттеу.

Міндеті: Мұқағали Мақатаевтың шығармаларындағы соғыс тақырыбына арналған өлеңдерді сараптау, жинау, талдау арқылы соғыс әсерін бейнелеу. Ақынның бірнеше кітаптарын дерек көзі ретінде пайдалана отырып, тарихнамалық құжаттарды зерттеу арқылы білім жетілдіру. Тақырып аясында Мұқағали музейіне, ұлттық кітапханаға, республикалық мұрағаттың жеке қорына бару, мәліметтермен танысу.

Күтілетін нәтиже:Тарих, өлкетану сабақтарында оқушы тақырып бойынша іздеу, табу, синтездеу, анализдеу, зерттеу т.б. әдіс-тәсілдерді қолдана отырып сапалы білім, саналы тәрбие алып, шешендік өнерге машықтанады. 

Аталған мақсатқа жетуде зерттеу жұмысы мынадай құрылымдардан тұрады:

Бірінші бөлімде Мұқағалидың балалық шағын қарастырдық. Соғыстан қайтпаған әкесі Сүлейменге арналған өлеңдері. Тыл жұмысындағы балалар мен аналар еңбегі туралы айтылады.

Екінші бөлімде соғыс тақырыбына арналған өлеңдеріне талдау жасалады. «1941 жыл. Ақпан», «Қырқыншы жылдар», «Неге жыламасын», «Айбармен әңгіме», «Соғыс деген қайдан шықты», «Менен сұра», «Мен соғысқа бармадым», «Қайран жеңгем», «Біздер жеңдік», «Майданның бәйгесіне», «Қара қамба», «Қазақ жері», «Әке аманаты», «Әке» т.б бірнеше өлеңдері арқылы соғыстан жапа шеккен халықтың мұң-зары, қиын-қыстау өмірі ерік-жігері суреттеледі. Талдау жасалады.

Мәселен, “Қырқыншы жылдар” өлеңіне зер салсақ, “Әкелгенмен әр адамға бір қайғы, Сол жылдарға қарғыс айту жат маған” деген бір ауыз сөзінде өрлік пен ерлікке негіз болған сол кезеңдер өмірді шын ұқтырғанын айтады. Өзінің өмірге өрлікпен, батырлықпен қарайтын мінезділігін дауыл жылдарға кеткен есенің өлшемі деп біледі. Қан майданға біреулер қарумен ерлік етсе, сол жауға бізде өзімізше түрен салдық дегенді айтады. Және, сол кезеңнің қайтып келмеуін тілейтін ақын-жүрек “Болмасын, соғыс, болмасын” деп жыр жазды. Ол, ендігі ұрпақ балалығын жылатып қан майданға тастамасын, бала жаны қайғыны білмесін деген аппақ тілегін білдіреді. Ақын сол арман-тілегі қабыл болған күнді көрді, бірақ елінің Азаттыққа жеткен алаңсыз шағын көруге ғұмыры жетпеді. Бірақ, “жақсының атын, ғалымның хатын өлтірмеген” қазақ деген халық барда, ақынның мол мұрасы ұрпақтан – ұрпаққа жете берері хақ. Себебі, ақын өзі айтқандай: “Мен XX ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан кейінгі ғасырлардың сырласымын” деген көреген пікірі бүгін ақиқатқа айналып отыр. Сондай-ақ “Мен осы өлмейтін шығармын” деген сөзі арқылы кең ойлы ақынның кемеңгерлігіне тағы бір мәрте көз жеткізесіз.

Өлмейтіндігінің бір дәлелі, ақынның басқа тілдерге аударылған шығармалары. Соның ішінде ағылшын тіліне аударылған «Соғыстың соңғы көктемі» (аударған ГауҺар Халық) өлеңінің мазмұны да тақырыбымызды аша түседі. Оны жаттау  біріншіден бүгінгі заманға сай үш тұғырлы тіл саясатын қолдау болса, екіншіден, ақын өлеңдерінің әлемді шарлап кеткендігін аңғару қиын емес. Және, ағылшын тілінде тіл байлығымызды жетілдіре түсуге өз септігін тигізеді.

Қорытынды пікір:

Жанап өтті балалық, бала болып өспедім,

Шаруаның ғұмыры кенедейден кешкенім.

Менен сұра,

Бидайдың егілгенін, өскенін,

Менен сұра,

Еңбектің қысқа таңын, кештерін.

Менен сұра соғыстың тастап кеткен зардабын,

Ауыл қайтіп көтерді қан майданның салмағын, — дейді ақын «Менен сұра» өлеңінде. [1] Бұл шумақ Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанның майданды ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етудегі ролі мен маңызын еске түсіреді.

           Мұқағали шығармалары әрбір зерттеушіге жаңа қырынан жаңалықтар ұсынатын тағылымы мол, құны жоғары тарихи мұра.

Негізгі бөлім

2.1. Ақынның балалық шағына саяхат

Соғыс зардабы ең әуелі шеңгелін жетім бала мен жесір әйелге қатты батырды. Соғыс және балалар деген сөздің санаға сыймайтын, бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар екенін түсінеміз.Осы қасіретті санасына мықтап сіңіріп өскен Мұқағалидың балалық шағы сол сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Содан да болар ақын өз күнделігінде: “адам баласының бақыты – балалық шақ. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені” деп  жазады. [2] Сонымен, алаңсыз балаң шағын қан майданның қарбалас еңбегіне айыр бастаған  Мұқағали Мақатаевтың өмірбаянына үңілсек…

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев – қазақтың лирик ақыны, өз заманында лайықты  бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік. Ол 1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағали өзінің туған жерін:

Мен  бақыттымын,

Бақытты жерде туылдым,

Айналайын, Қарасаз,қасиетіңнен суыңның,

Сенің әрбір бұлағың, менің әрбір қантамырым емес пе?

Қасиетті тұрағым, қасиетіңнен суыңның — деп  өлеңмен өрнектеді. [3]

Табиғаты шырайлы да шұрайлы Қарасаз топырағындағы қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өсіп -өнген Мұқағалидың балалығы әуелде мұңсыз басталады.Өзінің бір өлеңінде ақын ол кездерді: 

…Жиі енеді түсіме бұрынғы ауыл,

Ойнақ салып, құлын — тай қырында жүр.

Сүттен бұлақ ағызып, сиырлы ауыл,

Іркіт исі келеді мұрынға бір,- деп сағына еске алады. [4]

….Әже сен бірге жүрсің  меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса … нені көрем?- деп ер мінезді, айбынды  әжесін ерекше құрметтеген.[5] Мұқағалидың әкесі Сүлеймен калхозда сушы, шалғышы болып жұмыс істеген қарапайым шаруа адамы болған. Әжесі Тиын мен анасы Нағиманның тәрбиесінде өскен оның алғашқы өлеңдерінің тууына да өз әкесіне деген балалық сағынышы себеп болады. Қарапайым шаруа адамы болған әкесі тұрғызған шағын лашық туралы:

 Мен өскен лашық – бір бөлме,

Бір бөлме – маған мың бөлме.

Хан тағы қараң қалатын,

Босағаңды аттап кіргенде, – деп туған үйдің құдіретін жырға қосады. [6] Төбесі жайпақ қоржын тамда тұру кешегі болған тарих. Бір бөлмені суреттегенде «Хан тағы қараң қалатын» деп ақын оны бекерден — бекер ерекше етіп көрсеткен жоқ. Міне, осы тамда бала Мұқағалидың алғашқы өлеңдері, әкесіне деген  сағынышты жырлары дүниеге келді.  Тоқал тамға қарап тұрып сол күндермен үнсіз сырласасың. Қазір бұл шағын лашықтың көшірмесі ақынның мемориалды мұражайында сақтаулы.

Ақынның әкесі Сүлеймен 1941 жылы 29 — желтоқсанда қан майданға аттанып кете барады.Үш айдан кейін хабар- ошар бір жола тоқтайды. Бала Мұқағали  өзі де қиын кезеңдегі жетімдікті бастан кешеді. Содан да болар, тік мінезді, жағымпаз жалтақтықты сүймейтін бірбеткей болып өседі. Бірақ, өлеңге деген махаббатын ешқандай майдан оты өшіре алмады. Әкесіне деген сағынышын:“Сенбеймін әкең өлді дегенге мен, себебі ол, үйімізден тірі аттанған” деген жыр жолдарымен өрнектеді. [7]      

Мұқағали Мақатаев – ешқашан ортаймайтын, сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын. Өзінің көзі тірісінде«Ильич», «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Шөп жапырақтары», «Сонеттер», «Құдіретті комедия», «Дариға жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975), «Өмір-дастан» (1976) секілді барлығы 11 кітабы жарық көрді. Ақын 1948-49 жылдары ҚазМУ-дың заң факультетінде, Алматы шет тілдер институтында, 1973-74 жылдары Мәскеудегі Әдебиет институтында оқыған. Оның 1949 жылы Нарынқол аудандық “Советтік шекара” газетінде алғаш рет «Қырман басында», «Қойшы бала Әкітай» өлеңдері жарық көреді. Алаңсыз күлкісін соғыс ұрлаған өзге де құрбы -құрдастары тәрізді Мұқағали да тағдырдың ащы дәмін тым ерте татты. Бұл ретте »Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?» атты өлеңінде: [8]      

Аңыздардан тере жүріп  масақты,

Рас , рас көзімізден жас ақты.

Бірақ солбір дауыл жылдар, от жылдар,

Бәрімізден  бір-бір батыр жасапты…. деп жырлады.

Өзінің «Күнделігінде» ақын 1976 жылдың 14 ақпанында былай деп жазыпты :

«Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды,  творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанында түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті.

Сондықтан мен өзімнің «Менім» арқылы жасырмай, жаппай өмірімнің шежіресін жасап шықтым. Жанымның мұңы мен қуанышы — бәрі сонда. Солар басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс деп ойлаймын. [9]      

Мұқағалидің «Ильич», «Ақ қайың әні», «Ару-ана», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандастар, қош болыңдар», «Чили-шуағым менің», «Шекарада», «Большевиктер», «Өмірдастан», «Арман», «Шолпан», «Досыма хат», «Алтай-Атырау», «Отаным, саған айтам», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Жер үстінен репортаж», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма-толғаулар, 650-ден астам лирикалық жырларды дүниеге әкелген. Ол өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған. Ақын өмірінің соңғы кезеңінде жазған «Моцарт. Жан азасы» реквиемі пәлсапалық мазмұны, психологиялық тіні өзгеше туынды. «Табыт үні», «Халық үні», «Жесірлер үні», «Бесік жыры» аталатын 4 бөлімді туындының әрбір бөлімінде бірде табыт, бірде жесір-Ана, бірде Жер-Бесік атынан Өмір мен өлім туралы философиялық пайымдаулар айтылған. Ақын Моцарт тағдырын тілге тиек ете отырып, өмір туралы өз жанының оптимистік рухын, әрбір адамның жан түкпіріндегі арман-әнін жеткізеді. Ақын қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы: «Мен жырламаймын, Сырласамын. Сыры бір замандаспен мұңдасамын. Көгендеп жыр қосағын, Келмейді жыр жасағым» немесе «Тіпті де мен емес-ті, Мен дегенім… Өзгенің жаны-сырын ұғу үшін, Өзімді зерттегенді жөн көремін» дейді. Мұқағали шығармашылығының тіні «өзін-өзі» зерттеуден тұрады. Мен — өзін-өзі іздеген, өмір мен өлім, адам мен қоғам, ғаламнан үйлесімділік іздеп шарқ ұрған, толассыз ізденістегі пәлсапашыл Мен. Мұқағалидің шығармаларында философиялық тереңдік, адамның психологиялық жан күйзелісін суреттеу, медитация басым. «Өмірдастан» атты топтамалы толғауында жесір жеңге (Дариға) образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар-намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес психологиялық шиеленіс арқылы шебер жеткізілген. Мұқағалидің шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін ой елегінен өткізе терең жеткізуінде. Имандылық, ислам діні турасында «Я, Жаратушы Аллам», «Сатқан емен», «Дін-ғылымның анасы», «Я, Алла», «Бүкіл дүние мұсылмандарына хат», «Адам қайдан жаралған», «Жүрек арызы», «Күн батты, міне, кеш кірді», «Не керек, осы, адамға», т. б. өлеңдер жазды. «Сатқан емен, сатпайтын дінімді мен», «Мұхаммедтің үмбеті-мұсылманмын», «Сайтанның да, күнәсіз періштенің, Бал мен уын талғамай неге ішкенмін. Періштенің қайғысын бөліспедім, Сайтанменен болса да келіспедім» секілді жыр жолдарында адам табиғатына сай тартыс, пенденің жан тылсымындағы жұмбақ қақтығыстар көрініс тапқан. Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес Одағы тұсында «дін- апиын» десе де, ақынның құран оқығаны туралы мәліметтер бар.[10] Ол әсіресе тауды, қазақ ауылын көп жырлайды («Тауда өстім», «Тау бір аңыз», т. б.). «Өлмесін деп берген ғой тауды маған, Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған» немесе “Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді, түсінбеймін неғылған тағдыр еді” деп жазуы соның айғағы. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті. «Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» дейді ақын. Мұқағали дәстүршіл ақын, ол өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағалидің поэзиясы ұлттық характерімен, мінезімен ерекшеленеді:

«Су сұрасам, сүт берген, айран берген,

Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем» деген жыр жолдары арқылы қайын іні мен жеңге арасындағы нәзік байланысты шебер суреттеген.  Ақын өлеңге ерекше кие деп қарап,

«О, Муза, маған алыс сөреңді бер,

Ғайыптан кел де, мені демеп жібер» деп Музаға табынады. [11]      

Мұқағали адам жанының диалектикасына терең бойлап, оның болмысын шынайы бедерлейді («Жапырақ жүрек-жас қайың»). Ол «Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы қажет». Поэзияда философ болу өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін «адам жанының инженері болып қалу» деген пікірді ұстанды (Күнделік, 10.2.1976). Ақынның шеберлігі өмірден өзін, өзінен өмірді көре білуінде.

Мұқағалидің адамзат ғұмыры мен әлем сырын жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне қомақты мұра боп енді. Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Қаламгердің 1988 жылы шыққан «Қош, махаббат» жинағына әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош, махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. «Рух және сезім», «Сезім найзағайы», «1969 жылғы қазақ поэзиясы» атты әдеби сын еңбектерінде О. Сүлейменов, М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Ж. Нәжімеденов, С. Мәуленов, т. б. шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия туралы толғана келе: “Сонымен, достар, менің бүкіл жазғаным, бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным!» деп жазды.

Мұқағали – жалпыхалықтық, ұлттық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, оның қазақ екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың. Жалпы ұлттық рух дегенде, мынадай басты құндылықтарымызды алға тартар едік. Олар – туған жер, өскен өлкеміз, ана тіліміз, тарихымыз, дініміз, салт-дәстүріміз. Міне осы құндылықтардың қай-қайсысы болса да Мұқағали өлеңбаянының алтын арқауы.

Мысалы, ұшаққа отырып сапар шеккен әрбір қазақ баласының ойына Мұқағалидың:

Іргелі қазақ болдық. Сақтар қалып,

Құс міндік темірқанат, аттар қалып,

Әйтсе де мақтанбалық, мақтанбалық! – деген жыр жолдары тұратындай. [12]      

Айналайын Ата мекен, Ақ мекен!

Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!

Туған өлке тәтті екен ғой,

Тәтті екен ! – дегенде, бойыңда ғажайып  отаншылдық сезімі оянады.

Қазақстан!

Пай, пай, пай!

Ардағым-ай!

Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.

Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,

Өлмейтін махаббатым, арманым-ай! – [13] деген жырлар ешқашан

көнермейтін, қазақ болғаның үшін көкірегіңде мақтаныш ұялайтын , құйылып түскен асыл сөздер. Ақын қашан да халқымен, елімен бірге. Елі қайғырса бірге қайғырады, жұрты қуанса бірге қуанады. Оның:

Ерікті елміз, бүлінбеген қорғаны,

(Бәрімізге белгілі ғой ол жағы)

Қайтер дейсің қара бастың толғағы,

Тек жұртымыз күрсінбесе болғаны, – деген сияқты жырларын оқығанда, Мұқағали қазақ тәуелсіздігін көріп, бізбен бірге өмір сүріп отырғандай сезінесің.

Отансыз жан өмірінде оңбайды,

Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.

Тірі адамға – сол қайғы.

Білесің бе,

Отанның сен не екенін ?

(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)

Екі Отан жоқ.

Жалғыз Отан – мекенім, – деп тайға таңба басқандай жазып кеткен ойлары, бүгінгі, болашақ ұрпақтың бәріне айтылған ақыл-өсиет. Бұл ғақлияны әрбір қазақ жүрегіне үкі етіп тақса да артық етпейді. [14] Отанды сүюдің, оған құлай берілудің – асқақ үлгісі бұл.

Қазақ рухының басты да жарқын көріністерінің бірі – оның ана тілінің мәртебесінің биік, мерейінің үстем болуы. Қазіргі алапат жаһандану кезеңінде өз тіліміздің туын жоғары ұстау — әр қазақ баласының парызы.

Тіл өнерін, сиқырлы сөз өнерін,

Оңбайсың сөз өнерін тежегенің!

Тілден алмас жоғалса, сөзден қанжар,

Бұл тірліктен бір күнде безер едім.

немесе

Батар, кетер келмеске күнім менің,

Қалар бірақ киелі тілім менің.

Қасіретті шақтардан түңілгенде,

Қасиетті тілімнен түңілмедім, – деген сияқты қанатты жырлар қашан да қазақ халқының қасынан табылар тұмары іспеттес.

Жыраулардың жазбай кеткен жырларын,

Арулардың айтпай кеткен сырларын.

Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын,

Қобызыңның шанағынан тыңдадым.

Құлазыған сенің құла түздерің,

Не білмеген, не көрмеген, ізгі елім.

Жазылмаған тарихымның жолдарын,

Ауызекі аңызыңнан іздедім.

…Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбыраңның пернесінен іздедім.

Тарихымды жазудамын бүгін мен,

Бабаларым сенің Ана тіліңмен, – деп жыр төккен ақын тоталитарлық режим, коммунистік қоғам қыспағынан шыға алмай қалғанын түсінесің. Егер бүгінгідей еркін, азат заман болғанда, Мұқағали ақын тарих қатпарларын терең ақтарар да еді. Оған дәлел – сол бодандық заманның өзінде 1971 жылы «Райымбек, Райымбек!» дастанын жазуы. Бұл дастан – қазақ халқы бастан өткерген қиын-қыстау кезеңдердің шынайы бейнесін жасаған шоқтығы биік тарихи дастан. Жазылған соң он жылдан кейін барып «Лениншіл жас» газетінде жарияланды да. Сол поэмадағы:

Ақтабан шұбырынды,

Ақ туың жығылулы.

Олақ қатын тоқыған алашадай,

Өрмегіңнің арқауы суырылды.

Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға,

Өтті күнің, сор қатып маңдайыңда.

Кетті қымыз жауыңның таңдайында,

Кетті қызың жауыңның борбайында.

Ақыныңа, серіңе, батырыңа,

Туысыңа қимаған, жақыныңа,

Тұяғымен ор қазған тұлпарларың

Тулап кетті жауыңның тақымында, –деген айшықты өлең жолдарымен халқымыз бастан кешкен құба қалмақ заманы, жоңғар шапқыншылығы ойраны, біресе Хиуаға құл болып, біресе орысты паналаған қазақтың қиын күндері көрсетіледі.

Мұқағали өмір сүрген кеңестік дәуірде Әлмерек би, Райымбек батыр, Қабай жырау, Сырымбет, Хангелді, Түке бабалардың есімін атаудың өзі үлкен қылмыс болып саналушы еді. Соған қарамастан, ақынның батылдығы арқасында тарихи шындық жыр тілінде өрілді. Бұл да Мақатаев поэзиясының ұлттық рухты көтерудегі зор үлесінің дәлелі.

….Мен Үйсінмін ,Ұлы жүзбін, ұлымын!

«Ұлымын»деп ұлыққа да бармағам….»

Ортадан да,кішіден де кішімін,

«Ұлымын!» деп көрсетпеген қысымын.

Ел басына екі талай күн туса

Екі інімнің найзасының ұшымын….»- деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың ата тегі қысқаша былай таралады:Үйсін-Албан-Алжан-Сырымбет-Хангелді.

Хангелді батыр немересі, ержүрек Түкеұлы Райымбек (1705-1785) — әулие жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен батыр. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған. Торайғырменен Сөгеті тауының аралығындағы кең жазықта (Алматы-Нарынқол жолы, 167 км) жоңғарлармен  соғысқан жері «Ойрантөбе» деп аталады. Ел аузындағы аңызға айналған  Райымбек көз жұмар сәтінде ұрпақтарына:»Денемді ақ түйеге өңгеріп,бос жіберіңдер.Түйе қай жерге шөксе,сол жерге жерлеңдер » деп өсиет айтқан .Қазіргі Алматы қаласындағы батырдың өз есімімен аталатын  даңғыл бойында зираты бар.Зираттың басында зәулім кесене және ақ түйенің мүсіні орнатылған.Қасиетті орын саналатын осы жерге қала, облыс тұрғындары, еліміздің өзге аймақтарынан келіп тәу етеді .

Табиғат,

Жанымды алсаң,

Алшы менің

Бір түйір жерге түскен тамшың едім

Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,

 Артымда қалсын жерім,

Қалсын елім…-

Мұқағали ақын қазақтың салт-дәстүрлерінің поэзиядағы тұтас галереясын жасады деуге де толық негіз бар. Жоғарыда айтқанымыздай, Мұқағали жырлары – қазақи болмыс тіршілігіміздің, атадан балаға дарып келе жатқан асыл салт-дәстүріміздің де айнасы бола білді.

         “Әкем сталиндік репрессия кезінде бай деп қуғындалды. Содан қырғыз өтіп, кейін Қарасаз, Шәлкөдеге 1930 жылы барған екен .Менің 2 жастағы кезім .Мұқағали 1931 жылы туылған.Үш жасымнан бастап,1948 жылы оқуды бітіргенге дейінгі өміріміз, яғни балалық шағымыз бірге өтіпті.Мына қызықты қараңыз, онды бітіріп, институтқа түскенге дейін Мұқағалидің өлең жазатынын білгенім жоқ. Ол ешуақытта мақтанып, кеуде көтеріп, мен деп  өзін ерекшелеп көрсеткен емес”  деп жазады Беркін Әкебаев “Мұқағали” журналының 2011 жылғы #5санындағы естелігінде.

Мақатаев Сүлеймен — Мұқағалидың әкесі. 1903 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Шалкөде жайлауының  Кеңбұлақ деп аталатын өңірінде туған. Бұл аймақтың табиғаты өте көркем. Айналаны қоршаған алып таулардың заңғар шоқылары көк тірейді. Шалғыны шүйгін белуардан келеді. Сыңсыған қарағайлы ормандары сұлулығымен толқысып тұрады. Беткейдегі жылғалар мен жылжыған мөлдір бұлақтар тау өзендерімен қосылып, үлкен арнамен тастан-тасқа қарғылап, шатқалдарды жаңғырықтыра тулап ағып жатады. Кезінде Мұқағали ақын атамекені және бабалары туралы:

«Біздің жұрт «Кеңбұлақты» мекендеген,

Ауру бұлай тұрсын, жөтелмеген…

Менің бабам бай да емес, аткесші емес,

Кедей де емес, тұғырмен тепеңдеген» деп әулетінен мәлімет бере жырлағаны бар. Осынау өлеңнің астарына үңілген оқырман мағынасы көп терең сырды аңғаратыны анық.

   Ақынның әкесі Сүлеймен сөзіне берік,  ісіне мығым әрі сабыры сары алтындай салмақты адам болған. Жан жары Нағиман апайдың айтуы бойынша ол кісі адалдығымен, момындығымен ел жұртына ұнаған екен, Алжан атаның ұрпағынан тараған төрт бала бар десек, солардың бірі Сырымбеттен  Қангелді туады. Қангелдіден-Тілеке, Түке, Мөңке, Дөңке, Айбас, Қойбастар тарайды. Қойбас- Сүлейменнің негізгі бабасы. Ол кісіден өрбіген ұрпақтар Кеңбұлақ пен Жайдақбұлақты мекендеп, Тоғызбұлақты қыстаған екен. Мұқағалидің атасы Мақатай бір перзенті болуды армандап жүргенде Кеңбұлақта Сүлеймен туып кіндігі осында кесілген екен. Мақатай атамыздың да мүрдесі осы Кеңбұлақта жатыр. Әбділда, Жолшы, Тұрабек, Қожақ, Рақымбай, Торғай, Бекендер-бір жылғы төл атанған Сүлейменнің ет жақын замандастары.

     Сүлеймен кеңес үкіметі кезінде Қарасаз өңіріндегі шаруаларды ұжымдарға біріктіруге тырысты. Сондай ұжымның біріне жетекшілік жасады. Егер екінші дүние жүзілік соғыс басталып кетпегенде Сүлейменнің ел басқару ісіндегі қабілет-қарымы, таланты мен дарыны жан жақты болып, тұтасып көрінер еді. Қырқыншы жылдың қасіреті оған мүмкіндік бермеді. Күрегін қаруға айырбастаған Сүлеймен ел қорғау үшін қан майданға аттанды. Бірақ сол сапардан туған жеріне қайтып оралған жоқ. Калининград майданындағы ұрыста опат болды. Артындағы өрісіне сабақтасқан-Мұқағали, Тоқтарбай, Көрпеш деген үш ұлы қалды. Шешесі Тиын мен жан жары Нағима қалды. Тиын әжесінің жалғыз ұлы Сүлейменді күдер үзбей  күткені  туралы ақын “Сөнбейді, әже, шырығың” деген өлең жазды. Бүгінде ол бүкіл ел шырқаған халық әніне айналды.

Ал, ақын әкесінің майданға аттанып бара жатқан соңғы сәтін былай суреттейді:

1941жыл. Ақпан

1941 жыл ақпандатқан,

Сыртта аяз.

Ауылымызды аққар жапқан.

Үңірейген үрей түр соғыс дейді,

Алапат-аспан, жерді аттандатқан.

Аттан! Деді,

Ол ертен аттанады.

Ақталады еңбектің ақ табаны.

Күрегінің орнына қару алып,

Жауынгердің рөлін атқарады.

Ол ертен аттанады.

Жарты ай тұр шар аспанда-тозған таға,

Үскірік үрейіне әлде қозғалта ма,

Әжем жүр туған жердің топырағын,

Тұмар қып тізіп жатыр бөз қалтаға.

Ол отыр.

Аямай-ақ ішіп алған,

Санасын мазалайды күшік-арман.

Аттан әке,

Таныс қой күрес саған,

Күресуі керек қой күші бар жан.

Нее бізге үмітсіз тесілесің?

Аттан әке

Жолымнан кешігесің.

Кеудесінде шыбыны бар пақырлар,

Тауып жейді сенсіз де несібесін

Қалай сені жұбатам, аңыра, сау қайт

Сау қайт деп тәңіріңе жалын, Ана.

Мынау отыған иеміз құласа егер,

Саған жар, әке бізге табыл ма?!!

… Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған,

Жоғалды сол бетімен бірақта арман.

Сенбеймін әкем өлді  дегенге мен,

Себебі ол үйімізден тірі аттанған… [15]      

Қырқыншы жылдар

Рас, қайғы – қасірет бар қаптаған,

Ғұмырлар бар батқан және батпаған.

Әкелгенмен әр адамға бір қайғы,

Сол жылдарға қарғыс айту жат маған.

Жанды-жансыз бар табиғат түнерген,

Әр кеудеде бір шер барын білем мен.

Қан майданан ерлік етсе біреулер,

Қарсы жауға бізде шықтық түренмен.

 Аңыздардан тере жүріп масақты,

Рас, рас көзімізден жас ақты

Бірақ сол бір дауыл жылдар, от жылдыр

Бәрімізден бір-бір батыр жасапты. [16]      

Ал, Отты жылдарда ерлігімен аты шыққан майдангер-жазушы Бауыржан мен  Мұқағалидың    арасында  қандай қарым —  қатынас  болып  еді? Бұл туралы Бауыржан Момышұлымен болған сұхбатта замандасы былайша әңгімелейді:

“Өзім  куә  болған  фактіге  ғана  тоқталайын. Жазушылардың “Қаламгер”  кафесі. Түскі  мезгіл  Баукең,  Олжас  Сүлейменов,Сәуірбек  Бақбергенов , Асқар  Сүлейменов,Кәдірбек  Уалиев алтаумыз  тамақтанып  отырғанбыз. Қасымызға  Мұқағали  келді де, ешқайсымызбен  амандаспай,  бірден  Баукеңе:

  • Қария,  мен шөлдеп  тұрмын!-деді  өр  дауыспен  өктем  сөйлеп. Қалың  шашы  жалбырап,  кең  маңдайын  жартылай  жауып алған.

Бәукең  орнынан  көтерілмек боп  екі-үш  ұмтылды.Қолтығынан  сүйеп   көмектесейін  деп едім,  мені  кері  серпіп  жіберіп,  орнынан  өзі  тұрды. Буфетші  келіншекті  дауыстап  шақырды.  Ақ киімді келіншек  жүгіріп  келді.

Мына  жігітке  қалағанын бер!- Келіншек  жүгіріп  келіп,  бір  шөлмек  ақ  қайнар алып  келіп  еді,  Баукең  мұрты  тікірейген  ашуланып, орнынан  қайта  тұрды.

Сені  ақылды  қызым  деп  сыртыңнан  риза  боп  жүрсем,  ақымақ  қызым  екенсің! Неге  коньяк  сыйламадың? Менің  ақшамды  аядың ба?! — деп  айқай  салды. Кафе  ішіндегілердің  бәрі  біз  жаққа  жалт  қарап, тамаша  қызықтан  құр  қалатындай  мойындарын  соза  қалды.

Буфетші:

  • Ағатай  сіздің  ақшаңызды  аяғаным жоқ.  Азаматты аядым. Байқамағаныңыз ба? — деп  еді, Баукең  екі  қолын  басына  асыра  көтеріп,  орнына  отыра  кетті.  Олжас  дауыстап  күліп  жіберді. Оған  қосыла  біз  де  күлдік.

Мұқағали  ақ  қайнарды бәріміздің  фужерімізге  бөліп  құйып,  өзіне  кішкентай  ғана  қалдырып,  бізбен  соғыстырып  ішті  де,  бір сөз  айтпай  теңселе  басқан  күйі  кафеден  шықты.

Үйге оралған соң, Баукең менен “Мұқағалидың өлеңін жатқа білесің бе?” деп сұрады. Мен  “Тауыма сүйенемін, жоқ болса сүйенерім, келеді тауымды да күйелегім” деген Мұқаңның     үш  жол  өлеңін  жатқа  оқып  едім:

Ақын  бұл  үш  жолмен  не  айтпақ  болған?- деді.

  • Ақын “Халқы азаматын қолдауы,  қорғауы керек,  азаматын қолдамаған, қорғамаған халық – надан, ондай халықтың бетіне түкірдім” деген ой айтқан,- деп едім:
  • Дұрыс.  Бұл халыққа  ұстаздық  ету,  ал  халыққа  ұстаздық  ету  оңай емес.

Жап – жас Лермонтов  “Прощай, немытая  Россия, старана  рабов  и гаспод” деп  басталатын  өлеңінде  бүкіл  орыс  қоғамына  баға беріп,  күреске  шақырған.  Бұл халыққа  ұстаздық  етудің  тамаша  үлгісі. Мұқағали  да  ұстаз  болуға  жарайды  екен. Дегенмен, “Тауға  сүйенген ер,  таудай  жауды  жығады” дегенді де ұмытпау  керек , — деді. Осылайша аңызға айналған ер Баукең ақиық ақынға бір ауыз сөзбен-ақ  үлкен баға берген еді. [17]      

         Мұқағалидың бала кезден бірге өскен досы  Әділ Кенжебекұлы соғыс  кезіндегі ауыр жағдайды былай еске алады:    “Біз алтау едік. Балалық шағымыз Қарасазда бірге өтті.Тянь-Шань тауының бір сілемдерінде Іле Алатауының Шығыс аймағында Шәлкөде деген аңғар бар.Сол аңғардың Шығыс жағын Қараарша, Айғайтас  дейді.Солтүстігін кетпеннің тауы, Оңтүстігін Шоқан асқан (Есекартқан) немесе Қастықтың тауы деп атайды.

Қарасаздың оңтүстігінде Елшенбүйрек  деген тау бар .Сұлу да әдемі.Сайларында қой мен сиыр жайылып жатады ,қарақат өте көп өседі.Басын Қызыл бұлақтың жотасы деп атайды.   Жотаның үсті жазық.Кем дегенде 3-4 қара қой жайлайды. Бұл тау оңтүстік батысында Лабасы тауынан ,Шығысында Қолтықтың тауынан бөлініп  қалады Сондықтан ешбір тауға қосылмағандықтан  Елшенбүйрек тауы деп аталған. Елшенбүйрек пен Қолтықтың екі арасында Тұзкөл жатыр .

Қарасаздың Шығысынан  батысына қарай, қысқа ағынды қарасулар ағады.Қарасулардың бірін,Ішкі қарасу деп атайды.Бұл су Елшенбүйрек тауының Солтүстік баурайынан Шығыстан батысқа қарай ағып жатады.Осы ішкі Қарасудың оң жағасына Қарасаз ауылы орналасқан .Ондағы шаруашылықты Энгельс атындағы колхоз деп атаған.

Мұқағалидің өмірге келген жері осы маң.Шежіре бойынша жіктесек: Ұлы жүз,Албан руы Алжан, Алжанның ішіндегі Сырымбет, Сырымбет ішінде Қангелді,Қангелдінің ішінде Қойбас, Қойбастың ішінде Мәнжі ,Мәнжіден Дәлі, Дәліден Қамысбай, Қамысбайдан Мақатай,Мақатайдан Сүлеймен,Сүлейменнен Мұқағали.Ұзын сөздің қасқасы ,Райымбек, Мұқағали бір-біріне өте жақын туыс. Мұқағалидің ең жақын туысы Асанов Әбдіке Мұқағалимен құрдас. Ол бірнеше жылдар бойы мектептің директоры болып Нарынқолдың көп жерінде жұмыс атқарды.

1941 жылы июнь  айында өздеріңізге белгілі соғыс басталды.Мұқағали, Әбдіке, Сыдықтың   9-10 жас кездері.Менің және Мәжит, Қозыбақтардың 12-13 жас кездеріміз.Сол уақыт күні бүгінге дейін менің көз алдымда.Бір күні Мұқағали, Әбдіке,Мәжит, Сыдықтар ойнап жүріп  Жиектегі біз отырған қойлы ауылға келді.Мен Мұқағалиға қолқа салдым.Сен бүгін біздікіне қона қал ,ойнаймыз.Ертең кетерсің  дедім. Көңілімді  қимады ма ,қонып қалды. Аналар ауылға түсіп кетті.Ертеңіне екеуміз қозы лақ бағуға шықтық.Түске жақын даланың бәрі қап қараңғы болып кетті. Екеуміз қорқып ,жылап отырып қалдық.Қозы-лақтар төңіректеп қасымызға  келеді. Біраз уақыттан кейін, күннің көзі ашылып жерге жарық түсе бастады. Жарық түскен кезінде үйге қарай жүгірдік,жақындап келсек  шешем қазақ үйдің есігінің  алдында тұр екен.Қорқып кеткенімізді байқап ,қорқатын ештеңе жоқ,күн өстіп анда-санда тұтылады.Қайтып ашылып кетеді. Қорықпаңдар, тамақтарыңды ішіп,қозыға бара тұрыңдар деді. Тамақты ішіп қозыға кеттік. Ертеңіне соғыс басталды. Немістер Отанымызға шабуыл  жасапты дегенді естідік.

Мұқағалидің әкесі Сүлеймен соғыс басталатын  жылдың алдында ғана колхозға бастық  болып сайланған.Сөзге сараң, іске мығым, өте іскер адам болатын.Ешкімге ашу шақырмай, барлық жұмысты ақылмен атқаратын.И.В.Сталин 1941 жылы 3 июнь  күні сөйледі.

«Аталар, аналар, бауырлар, қарындастар! Отанның басына қауіп  төнді, Отанды қайткен күнде қорғап қалуымыз керек. Отанды қорғауға  шыбындай жанымыз, қасықтай қанымыз  қалғанша күресеміз. Отанды қорғауға  аттаныңыздар» А.Невскийдің, Суворовтың, Кутузовтың т.б. орыстың ұлы қолбасшыларының аттарын  атап аруақтары қолдасын, солардың жеңіс жолдарын берсін деген  мағынада сөйлеген  сөзін радиодан  берді.

Біздің Қарасаздың Энгельс колхозында  тұратын 18 жас Отан үшін ,»Сталин» үшін отанды қорғаймыз деп Военкоматқа барып,Армияға жүруге кірісті.1941-42 жылдың ішінде Армияға жарайтын адамдардың барлығы  майданға аттанды. Жасы асқан шалдар, әйелдер, армияға жасы толмаған балалар, қыздар ауылда қалдық. Жұмыстан бас көтермейміз.

Көктемде жер жыртып егін егу.

Жазда шөп шауып, оны мал қораларына жеткізу.

Күзде астықты жинап — теріп мемлекетке өткізу.

Қысқа қарай зябь жыртып, мал қыстату, оны аман алып шығу.

Жоғарыдағы жұмыстардың ара-арасында мүмкіншілік болса  оқуға бару.

Бізде дені дұрыс балалық шақ ,ойнау,жарытып киім кию,тамақты тойып ішу деген  болған жоқ. 24-науырызда 1-сәуірге дейін көктемгі каникул басталады. Соқаға шығамыз. Жұмыс істейтін әйелдер мен балалар, оқуға бара алмаймыз. Армияға астық дайындауымыз керек. Колхоз 250-300 гектар жер айдайды. Бірақ, сол жердің егінін шауып, жиып-теріп ала алмайды. Себебі, соғыс жылдарында тек қана қолдан жасалынған механикалық құралдар ғана болды. Соның бірі-соқа. Соқаға төрт ат жегеді. Екеуі алдынғы жағында, екеуі артында. Алдынғы екі аттың  біреуіне бала мінеді, біреуін ол жетегіне алады. Артқы екі атты, алдынғы екі аттың бәлегіне байлайды. Ол бәлек соқамен байлыныстырылады. Соқаны бір кісі ұстайды. Қолында ұзын қамшы болады. Оны «соп» қамшы деп атаймыз. Сонымен артқы атты айдайды.Күніне 1 гектар жер айдаймыз.Одан артық айдауға аттардың шамасыда келмейді. Қарасаздың ең шеткі  біткен жерін Жиек  деп атайды. Сол жиектен шығысқа қарай жазық дала. Жиектен жоғарылаған сайын қалың ши.Шидің биіктігі 2-3 метрге дейін болады. Жылқы үйірімен кіріп, атты кісі жүретін болса көрінбейді. Енді осы шилердің арасында ши өспеген  бос жерлер кездеседі. Соны соқамен айдаймыз. Шилі жерді айдағанда   аттардың шамасы  келмейді.Ши алқабын ,мәнерлеп айтқанда Африканың саванналарына  ұқсатуға болады. Қазір ол шилерден  бір түп шиде кездеспейді.(1950 жылы Шәлкөдеге алғашқы тракторлар келіп жерді айдап шиден  бір тал қойған жоқ).  Сонда Энгельс  колхозында 20-дай соқа жүреді .Соқаны әйелдерде айдайды.Ересек балалар  да айдайды.Бір соқаны Мұқағали екеуміз ,екінші соқаны Асаубай мен  Әбдіке ,үшінші соқаны Мәжит пен Сыдық айдаушы еді.

Үстімізге киетін кимімізде ұлпа жоқ.Тек ең жақсы жері ешкінің терісінен шешеміз жасап берген,сыртымыздан киетін бір-бір тонымыз бар.киімнің ең жылысы осы тон .Аяғымызда шоқай ,бұтымызда жамау-жамау әбден тозған теріден жасалған шалбар. Қарасаз үш желдің өтінде.

Шәлкөденің желі(Шығыс желі)

Көлтұздың желі(Оңтүстік Шығыс желі)

Кегеннің желі(Батыс желі)

Осы үш желдің біреі соғуын тоқтатса, екішісі басталады.Екіншісі  тоқтаса  үшіншісі басталады.

Қарасаздың тұрған жері  өте суық.Сонда суықтан қорғайтын ең негігі киіміміз  сол сыртымыздағы жалғыз тонымыз.

Тамақтың түрі- бір тәулікке  жарты көмбе нан ,қайнаған су,оның дәмін кіргізетін тұз.Түске жақын  майы алынған сұйық (іркіт) айран келеді.Бұл айранды Қозбақ деген бала қаптал шанамен  үш ағаш күбімен алып келеді.Әрбір адамға бір литрден айран береді .Норма солай.Одан ары қарай аттың шамасы келгенше  соқаны айдай береміз. Бригадир өте қатал адам болды.Қасқа таңнан ,бозторғай шырылдаған кезден оятады.Сол уағында соқаға шығып кетеміз.Сонымен күнделікті тіршілік осылай жалғаса береді.Сонымен  көктемгі егісті (Күзде зябь айдамыз  Жылыбұлақ деген жер бар ) аяқтап шөп шабуға кірісеміз. Шөпке керекті құралдар;

Шөп шабатын ақсай машинасы.оны төрт ат қосылған екі бала жүргізеді.

Машина жүре алмайтын жерде 20-дай әйел шалғымен шөп шабады.

Тыр.. бір ат қосылады бір ат тарта алмайтын жерде екі ат қосылып,шөп жинайды.

Бір ат ,бір бала шөмеле  тартады. Атқа қамыт салынып бала атқа мініп ,қамытқа

арқанды байлап ,шөмелені арқанмен орап үймек салатын  жерге алып келеді.Колхоз бойынша 3-4 жерден үймек жүреді. Шөмеле салатын 9-10-ға жуық  қыздар жұмыс істейді. Содан күн ашық болса,ай батқанға дейін жұмыс істейсің.Ай жарық болса  демалмай жұмыс істей бересің.Менің істейтін жұмысым үймекшіге шөпті алып беру.Мұқағали т.б. балалар шөмеле  тартады.Көктемге қарағанда шөп шабыс кезінде айран, ірімшік көбейеді . Онымен бірге  екі жетіде кәрі-құртаң  малдар сойылады.Соны кешке  жақын суға салып пісіреді.Мұқағали тамақ ішер алдында  бір нәрселерді ойластырып  жібереді. Тамақ ішіп жатқан уақытымыз ымырт жабылған кез. Жанып тұрған свет жоқ. Қазанға жаққан  оттың жарығымен тамақ ішеміз.

Мұқағали ойламаған жерден  екі ағашты қосып ,бір басын жерге қағып жіберіп ,екінші жағы қол сияқты шығып тұрған ағашқа ,біреуіміздің жаман шапанымызды кигізе қаладыда, басына бір тұмақты іле салды.Бригадир мына отырған топ қаншасыңдар дейді .Сол кезде Мұқағали алтаумыз  дейді. Бригадир санағанда алтау болып шығады. Сонымен  бір табақ сорпа артық келеді.Әрқайсымыз кезек-кезек күнделікті кешке жақын  бір табақ сорпаны артық ішіп отырамыз.Мұқағалидің аяқ астынан табатын мұндай әдістері көп болатын еді. Ұмытыпта қалыппын. Шөп жиналып біткен соң күзгі   жұмысқа кірісеміз.

1.Қырман жасау.

2.Астықты орап ,қырманға алып келіп бастыру.

3.Мемлекетке астықты өткізу.

4.Күзгі зябь айдау.

Жылы бұлақ деген колхоз болды.Батысында Қытайға кеткен қағаз, сабаз дегендердің ескі тамдары бар.Соның қасында жер айдаймыз. Бұл жер Жиектегі  Қарасудан алыс,тек кешке жақын  ат суғаруға барасың.Қалған уақытта бара алмаймыз.Қырман онша алыс емес кешке сол қырманға барып ,сабанның арасына кіріп кетіп ұйықтаймыз .Ертең ерте жуынып барымызды ішуіміз керек .Су жоқ,енді не істейміз. сонда аяқ астынан Мұқағали сөз табады.

«Дембе-дембе,дембе екен

Топырақ судан кем бе екен?

Топырақпен қол жусақ

-Бір құдайға жөн бе екен?»-деп бірнеше қайталап,қолымен топырақты суға қолын жуған сияқты қолына топырақты жағып-жағып,екі бетіне топырақты сүйкеп,тамақ ішуге дайындала бастайды.Ей, жолдарың болғыр ,тауық та топыраққа аунап денесін тазартады.Есек те аунап   денесін тазартады.Біз осылар құрлы топырақтың қасиетін білмейміз бе?Біздің бетімізді, қолымызды да тазартады дейді. Осы кезде бізде «дембе-дембеге» басып қолымызды ,бетімізді топырақпен жуып бар тамағымызды ішіп,соқа айдауға кірісеміз. Мына істеп жатқанымыз бригадир  оқуға жібермей зябь жыртып  жатқан кезіміз. Бұл зябымыз жер тоңып,соқа жерге түспей қалғанға дейін жалғасады. Сонда әбден титықтап шаршайтынбыз.Сондағы баратын жер ,тұрақтайтын орталығымыз -мектеп,ол мектебіміз бізді іздемейді.Мектепке киінетін киім жоқ ,шаш өсіп кеткен.Соқаны тастап кету керек.Бригадир жібермейді.Бригадирдің аты  Көке еді.Бұл кісі армияға бармады. Себебі: іштен туған жарық еді. Бұл кісі еш уақытта адамдарға жаны ашып көрген емес. Сен ашсыңба, жалаңашсың ба, аурусың ба, үйіңде тамақ, отын бар ма? Онымен шаруасы жоқ. Өлсең  де, тірілсең де жұмыс істей бер. Одан басқа ештеңе білмейтін. Бұл кісінің мінетін екі аты болды. Бірі қарагер, екіншісі қорсылдаған  қара бие екі жеті мінуге жарайды. Басқа жылқы екі-үш күнге ғана мінуге жарайды. Күндізден соқа  айдап жүрген балалар ақылдастық.Бүгін түнде қашамыз дедік. Бригадир ұйықтады-ау деген кезде яғни сағат 1-2 нің шамасында болуы керек.Ол кезде сағатты білмейміз. Қашып шықтық. Ши қалың болып өседі. Шидің арасына кіріп үлгердік. Енді шидің арасымен қашып келеміз.Біздің қашқанымызды Ұят кемпір айтып қойыпты.Бигадир байлаулы тұрған  қорсылдық қара биеге міне салып  қуады.Ол жолмен кетіп бара жатр.Оның кетіп бара жатқанын Қорсылдақ қара биенің қорсылынан білеміз.Бие қатты шапқан сайын қорсылы күшейе береді .Көп алыс емес біздің қасымыздан 80-100 метр жерден өтіп кетті.

Біздің ауылға қашып кетіп баражатқан  жерінен қайтарамын,қамшының астына аламын деп кетіп баражатқан беті.ол өтіп кеткен соң енді қашудың жолы жоқ .Ол келгенше қайтып  ортақазанға бару керек.Немесе басқа бір амал тауып ,таяқжемеудің жолын табу керек .Ол бізді қайтседе табады,мінезі бізге белгілі.Сүт пісірім уақыттан кейін қорсылдақ биенің қорсылы естіле бастады.Бізге қарай қалың шиді аралап шауып келе жатыр.Егер ол бізді тауып алатын болса ,қорсылдақ қара биенің бауырына алып бәрімізді бір-бірден сабайды.Сол кезде Мұқағалиымыз аяқ астынан ақыл тауып кетті.Балалар,былай істейік,басымызды бәріміз бір жерге түйістіріп дөңгеленіп жатамыз да дауысымызды щығарып аяғымызды ербеңдете береміз.Сол кезде бізге аты жоламай үркеді ,жаяу түсіп келе алмайды.Келсе тұс-тұсқа бүйінің балалары  сияқты жеке жеке қашамыз .Ол бір кезде жетіп  жеті атадан түк қойған жоқ. Атты бауырлап бізді бастырмақ  болды.Ортақазанға барып атты екі әйелге жетектетіп қолына қамшыны ала кетті .Соның арасында таң да  қылаң беріп атып қалды.Жерге жарық түсті.Әрқайсымызды қамшымен тартып,айт  шындығыңды  кім бастады?- дейді.

Зар жылап жатырмыз біз бастаған жоқпыз десе одан сайын қамшымен  тарты-тартып жібереді.Қысқасы кімнің бастағанын айтқыза алмады.Содан қайтып соқа айдауға кеттік.Оқу қалды.

Демалған кезде арқаның күзетшісі сияқты күніне аттың үстіне ұйықтамай отырып кезекшілік жасаймыз .Бір күні бригадир ауылға түсіп кеткен кезеңдегі күзетшілік Әбдікенің кезегі еді.Соқаларды доғарып, Әбдікеге сеніп 1-2 сағат ұйқыға кеттік. Әбдікеміз аттың үстінде қоса ұйықтап қалыпты .Бір уақытта құм-қуыт,шұм-шуыт,уда-шу болып кетті.”соғыс басталып кетіпті”.Кейбіреулерімізге қамшы тиіп,кейбіреулеріміз оянбай,ұйқылы –ояу  қарғып тұрып келсек Құдай көрсетпесін шетімізден қамшымен сабап келеді.Иттің,шошқаның балалары,т.б.былапыт сөздермен балағаттап,соқаны тоқтатып Шәлкөденің төскейінде ет жеп,қымыз ішіп жатқанындай қарашы-ей иттің ғана балалары деп көпшілігімізге қамшы ойнатып шықты.Соқаны тоқтатып қойып ұйықтап жатқан батырлардың күзетішісі Әбдікені  желкесінен алып аттың үстіне лақтырды.Сол кезде мұрынына ши кіріп қанап,онымен бірге лақтырған кезде соқаның үстіне түсіп екі қабырғасы сынады.Енді  бізге кіріседі.Оның ішінде  ерекше мені сабауға кетті. Менің ешкімім жоқ,қорғансыз екенімді біледі.Осы кезде ұрған қамшы көзіме тиіп  көзімнен қан ағып жатыр .Ол кезде Әбдіке,Әділ,Мақұғали жас ,айқасуға дәрмен жоқ. Сол кездегі оқиға көңіліне сиынған ғой .Менің жараланғанымды Ібітанов Еркінге бір кезден айтқан екен. «Мен білетін Мұқағали» деген Еркіннің естелігінде.

  «Кенжебектің Әділін Қаттыбас бригадир оңдырмай сабапты.Алты өрме қамшымен аяусыз төпегені соншалық,байқұс баланың бір көзі  ағып түсіпті.Қатыгез бригадир соқаға жығып сорлатқан құрбандығын қапысыз таңдаған –ды.Кенжебек шал жасы ұлғайса да ауылсовет дайындаған тізімде» жасаңғыратылып «Қарағандыдағы еңбек майданына көмір қазуға кеткен. Қаттыбас бригадир қоздырған ауыл соғысында көз жанары майып болған тірі жетім Әділге араша түсер ағайын да жоқ.

  Кенжебек қарияның шаңырағы сонау ала сапыран жылы Шелек маңынан жан сауғалап келіп Қарасазды паналаған жалғыз үй еді.

  Сорлап қалған ұлының қайғысына булыққан Әділдің анасы запыран жұтып отырғанда сол қатігез Қаттыбас есік алдына масаң келіп:

  -Балам, соқыр болып қалды деп еңіреме, солдатқа алмайды. Өмір бойы қасыңда болады-деп басу айтыпты. Мен осы сұмдықты Мұқағалидің өз аузынан естідім» деп жазыпты.Амал қанша сүйенерің,сүйкенерің жоқ.Арызыңды тыңдайтын адамда жоқ.5-6 күннен кейін қамшы тиген көз,қара қотырланып жазылды.Соқа жер қатқанға дейін жүргізіліп,жүрмейтін болған кезде соқаны тоқтатады.Қазір сол қалған бір көзбен жұмыс істеп келеміз.

  Күзгі жұмыстың да түрлері көп.Соның бірі соқа айдау болса,екінші түрі қырман жасау.Үшінші бір түрі астықты орып,қырманға алып келіп бастыру астықты мемлекетке өткізу.Әрқайсымызды іс қабілетімізге қарай жұмыстың  түрлеріне бөледі.Лавагарика деген астық шабатын механикалық машина болады.Бір бала алдыңғы атқа мініп қасындағы атты жетектеп алады.Артына екі ат қосылады.Оны екінші адам божылап айдап отырады.Соңындағы үшінші адам орылған астықты бау-бау ғып шашпай-төкпей тастап отырады.Ол адам қарулы болу келек.Соғыс кезінде қандай қарулы жігіт болады. Қаңтар,Әбдіқайм деген екі шал бар.ол екеуінің екі кемпірі бар. Тағы екі бала мен олар екі машина жүргізеді.

  Біз балалардан мен,Мұқағали,Рақым бір машина,Асаубай,Мәжит,Әбдіке бір машина жүргіземіз.Сонымен астық шабамыз.Астықты дестелеп тастау,қабырғаңды қайыстырып жібереді.Кешке қарай қабырғаңды жиып ала алмайсың.Бір күні Әбдіқайым деген кісі косогоны сынып ауылға келіпті,кешке дейін келмеді.Біз жұмысты тоқтатып бір тамағымызды ішіп жатқалы жатқанда егіннің арасынан бірдеме келе жатыр.Арасында дыбыс шығарып қалды.Біз қорқа бастадық.Әбдіқайым шалдың кемпірі етті-жеңді кісі еді.Қаңтар қария қорқақ кісі екенін Мұқағали бұрыннан біледі екен.Апа,ана кісі қашып кетеді.Ол кісінің не болсада алдыға салайық қапсыра құшақтап алыңыз деиді.Індіс Қаңтарды қапсыра құшақтай түсті .Індізді  Қаңтарды кемпірі құшақтай алды.Соңынан бірімізден соң біріміз мысық тышқан ойнағандай болып алдық. Егіннің ішіндегі құбыжық баяулап келе жатыр.Қаңтар алдыда ,құбыжық келе жатқан  жаққа ұстап алдық .Сонда Қаңтарда ес жоқ.Қаңтардың дауысы шығып кетті.Сол кезде тон теріс айналдырып киіп алып келе жатқан Әбдіқайым  қария екен.Барлығымыз күлкіден құлап әр жерде қалдық. Қаңтар Әбдіқайымды боқтап жүр. Сен ит есімізден түк қоймадың ғой. Оның үстіне дәу қатының ұстап алып жібермейді. Әбдіқайым, Қаңтар деген кісілер өте қамқоршы,ақылды қариялар еді. Бізді жоғарыдағыдай жағдайларды ойынға айналдырып,бізді күлкіге қарық қылып, көңілімізді көтеріп шаршағанымызды білдірмеуші еді”.[18]      

           2007 жылы «Жас алаш» газетіне Қасымхан Бегманұлының Мұқағалидың құрдасы әрі бірге оқыған жерлесі Әбдіке Асановтан алған сұхбаты жарияланыпты.Сол сұхбатта осы кісінің Мұқағалиға оқытқан өлеңі жазылған.Сұхбатта Әбдікек ата: -Әбдісүлеймен Хасенов атты ағамыз бізді 4-ші сыныпта оқытты.Ақкөніл,ақпейіл адам еді.Бір күні Мұқағали мұғалім ағайдың алдында «Ақпан, 1941 жыл» деген өлеңін оқып берді:

1941 жыл, ақпандатқан,

Сыртта аяз, ауылымызды ақ қар жапқан.

Үңірейген  үрей тұр соғыс дейтін,

Алапат аспан, жерді аттандатқан.

Аттан!»- деді, Ол ертен аттанады, -деп келетін бар-жоғы он жолдан тұратын осы өлең біздің сол кездегі гимініміз еді депті.

     Мұқағалидың өмірі сол соғыс жылдарындағы қиын қыстау кезге тап болғандықтан, соғыс тақырыбын өлеңінің өзегіне айналдырған.Соғыс жылындағы ауылды біздер көрмедік, бірақ сол соғыстың зардаптарын соғыс біткен жылдардан кейін көріп өстік.Қаншама балалар жетім, қаншама жас келіншектер жесір қалды десеңші.Осындай қасірет бала Мұқағалидың көз алдында болып жатты.Біреулер жалғыз баласын, біреулер жаңадан қосылған жарын,енді бір балалар әкелері мен ағаларын соғысқа шығарып салғандарын өз көзімен көрген Мұқағали:

Неге жыламасын?!

Бәрісі  де жылаған,

Жылай жүріп,жылай жүріп шыдаған.

Түнек болып келе жатқан тажалға,

Аттануда, аттануда тірі адам.

Жылап жатыр.

Өбісуде еріндер,

Жыламаған жалғыз ғана кебір жер.

Жылап жатыр үйленбеген күйеулер,

Жылап жатыр үйге енбеген келіндер.

Боздақтарын аттандырған шақтарда,

Боздап еді-ау боркемік боп қарттар да.

…Бір орманның бір түп өндір шыбығын

Тиеп алып күнбатысқа тартты арба.

-Ал енді сен азаматсың!- деп маған,

Арбасына отырды да кетті ағам.

Тағы да бір қайырылмас па екен деп,

Тозаңдатқан қара жолды бетке алам… деп жазған. [19]      

   Мұқан «..жылай жүріп,жылай жүріп шыдаған» дейді.Шыдамасқа амал бар ма? Бәрі Отан қорғауға бара жатқан жоқ па? Қазақта «жас шыбықты жұлуға, кесуге болмайды»деген ырым бар.Оны жұлу қатыгездік болып саналады.Сол соғыстың қатігездігін Мұқаң:

    …Бір орманның бір түп өндір шыбығын, тиеп алып күнбатысқа тартты арба – деп күнбатыстағы соғысты меңзейді.АЛ жас шыбықтың болашақ екені айтпаса да түсінікті.

Айрандай ұйып отырған елге бүлік салған фашистер жайлы кезінде Қасым Аманжолов та:

Сен едің,мені айырған достарымнан,

Долы жау,дүниеге салған ылаң!

Бөбегін махабаттың жалынға атып

Кеудеме қан аралас мұз қатырқан… -деп еді өзінің «Майдан жырлары» атты жинағында.Бұл өлеңін Қасым 1944 жылы соғыста жүріп, өз басынан өткенді жазған.Ал Мұқағали осы өлеңін 1966 жылы бейбітшілік жылдары жазған.Арасы 22 жыл.Соның өзінде екі ақынның жазғандарында үндестік бар.Екеуі де елі мен жерінен айырған соғыс екенін жазады.Өз әкесін өзі соғысқа шығарып салған Мұқаң:

…Жалынған ғазиз анам, сұрап қалған,

Жоғалды сол бетімен бірақта арман.

Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,

Себебі ол үйімізден тірі аттанған

   -деп әкесін өлдіге қимайды.Мұндай күй сол кездегі барлық қазақ ауылында болған.Жалғыз немесе бірнеше ұлдарын соғысқа аттандырып, олардан қара қағаз алған әжелер мен аналар соның күйігінен қаза болған.Оны Мұқаң өзінің «Сөнбейді, әже, шырығың!» деген өлеңіне:

Жарқырап екі көзің шамдай жанған,

Күтуші ең жалғызыңды қан майданнан.

Жалғанда күту деген қандай жаман?!

Ақыры қаза болдың сарғайғаннан…

    Деп жеткізген.

Міне, Мұқағали мен достарының, сондай-ақ соғыс жылдарындағы қазақ балаларының жастай еңбекке араласқандары, балалықтың не екенін білмей өскендерін ақын «досына хат» арқылы осылай жазады.Өзінен кейін соғыс басталған жылдары дүниеге келген сәбилер жайлы:

…Сен туғансың сол соғыс басталғанда,

Дүние түтеп тұрған, тас-талқанда.

Әкең келіп әңгіме шертпеген-ді,

Саған арнап жасалған дастарханда.

…Барыңа қанағат қып үйіңдегі,

Жұрт тарасқан көңілді, күйінбеді.

Осы күнге сен едің жеткен ұрпақ,

Әкеңнің жөргек болып киімдері.

    -деп, ақын осы шумақтармен әкесі іште қалған ұрпақтарын көре алмай қалғаны,ал баласы әкесін көрмей өскені, сонымен бірге дүниенің жоқтығынан соғыстан қайтпаған әкесін киімдері баласына жөргек болғанын жазған.Өленді түсініп оқыған адам осы өлең жолдарынан көп жағдайды байқайды.Әсіресе соғыс жылдары дүниеге келген және сол жылдары балалықтың не екенін білмей өткен жастар.Талай жас жігіттер мен жастай жесір қалған келіншектер үшін бұл ұмытылмас қасірет.Жолдасы соғыстан қайтпай қалып басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткен жеңгесін көрген Мұқағали:

…Женеше-ау, есіңде ме біздің ағай?

Сыйласып отырушы ек біз құдадай.

Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,

Қайран жеңгем, шырқыңды бұзды қалай?!

…Қартайып қалыпсың-ау қайран жеңгем!

Қайғыға моймаушы ең.Қайдан келген?!

Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,

Баяғы жастығыңды майданда өлген?.. [20]      

    Иә, жастықтары майданда өлген талай –талай жастар болды.Солардың қайғысын Мұқаң қағаз бетіне әсірелемей қандай дәлдікпен жазған.Жазғанда да әр шумақтан талай сырды байқайсың.Байқап отырып өлеңнің құдіретін түсінесің.Әсілі өлеңмен жазылған жанрды – поэзия деп атайды.Егер сол поэзияны үлкен дария деп қарасақ,ақындардың жазған өлеңдері сол дарияға құйып жатқан бұлақ болса, Мұқағалидың өлеңдерін сол дарияға құйылып жатқан өзенге теңеуге болады.

2.2. Мұқағалидың соғысқа арналған өлеңдері: мәні мен мазмұны

Ақынның соғысқа арналған өлеңдері: «1941 жыл. Ақпан», «Қырқыншы жылдар», «Неге жыламасын», «Айбармен әңгіме», «Соғыс деген қайдан шықты», «Менен сұра», «Мен соғысқа бармадым», «Қайран жеңгем», «Біздер жеңдік», «Майданның бәйгесіне», «Қара қамба», «Қазақ жері», «Әке аманаты», «Әке» т.б. Бірнеше өлеңдері арқылы соғыстан жапа шеккен халықтың мұң-зары, қиын-қыстау өмірі ерік-жігері суреттеледі. Мысалы, Мұқағали немістердің түрмелерін де(концлагерь) жазып кеткен:

…1944-жыл

Бухенвальд.Түрмедеміз.

Отырамыз, жатамыз, түрегелеміз.

Әйтеуір,ажалменен жиі алмасқан,

Түн көреміз, ал кейде күн көреміз!

Бірге жатып,өліммен бір келеміз.

Концлагерь.

Бухенгвальд,Турмедеміз.

Қарғыс атқан фашистер қырып жатты,

Асты!Әкесін , ұлын да атты.

Өлім заводының өңешінен өрт шығып,

Өлім фабрикасының ұршығы зырыл қықты, [21]      

Олар жанталасып қырып жатты…

   Ия, Бухенвальд расында да өлім фабрикасы еді.1970 жылы комсомолдың жолдамасымен сол Бухенвальдте болғаным бар.Мұқаңның осы өлеңін оқығанда сол лагерь есіме түсті.Түрме Веймар қаласынан қашық емес Бухенвальд орманында орналасыпты.Кіре берістегі шойыннан құйылған қақпаға «каждому свое» деген сөзді немісше жазып қойыпты. «Әркімнің өз тәлейі»- деген мағына беретін осы сөз лагерге кірген кезде әр адамға ой салады.Осы сөзді сол қақпаға жазып қойғанына таңғаласың.Өз үйін, өз Отанын қорғаған ер-азаматтың тәлейі осы түрме болғаны ма? Түрмеге адамдарды өртейтін пеш қойылып, ол күні-түні дамылсыз жанып тұрған.Қамаудағылар жататын нар, немістер еріккенде оларға сүйрететін үлкен екі доңғалақты арба, адамдарды тірідей қолтырауынға жегізетін су қоймасы экспонат ретінде сол куйінде сақтаулы тұр.Адамдарды тура желкесінен ататын арнайы бөлме де сол күйінде сақталған.Ол жерде немістің атақты коммуниссі Эрнест Тельманды да атқан.Неміс халқының атақты ақындары Шиллер мен Гете шыққан ұлтта Мұқағали айтқандай өлім фабрикасы болған дегенге сенгің келмейді.Әрине фашизмді, оның жетекшісі Гитлерді әшекерелеген:

…Олар соғыс театрында ойнап болды,

Олар Гитлердің басымен ойлап болды.

Олар өлім алдында жанталасып,

Біздерді біржолата жоймақ болды…

Таң атып келе жатқан рауандап,

Күңірентіп Бухенвальті нала жатты.

Жендеттер жалаңаяқ бір адамды ап,

Атуға ия асуға бара жатты…

…Фашист барда соғыс бар, ол ақиқат ежелден…

Дей келе:

Соғыс, фашист, екі сөз бір түбірден таралған,

Бірі сыңар қалмауы үшін, біреуісі жаралған.

Қарға оларды, тау мен тас!Қарға оларды қара орман!

Фашизм — ұлы ғасырды уландырған арам қан!…

  Деп фашизмнің бет пердесін ашып береді.Мұқаң фашизмді әшкерелей отырып «Неміс жұмысшыларына хат» деген өлеңінде:

Соғыстан соғыс..

Соғысқан кімдер?

Есіңде, досым, сені мен біздер.

Болса да ісің ағат тым,

Амал не, маған оқ аттың,

…Соғыстан соғыс…

Соғыстың, досым, неліктен?

Сөзіне ердің фашист сені де,

Әкелді қайғы еліне.

…Табымыз кім?

Ол-жұмысшы, шаруа,

Мейрімсіз қатал жауына!

Бірлігін жұмысшы табының

Бұзбайық,қанеки, бауырым!

Жойылсын соғыс!

Болмасын өрт!

Адамның жанын шалмасын дерт!

Дәсүрлі күрестің туын ұстап,

Қарсы тұр соғысқа

Жұмысшы  тап!

     Фашизм туралы талай ақындар кереметтей етіп жазған, ал Мұқаң дәл нүктесіне  тигізген.Мына өлеңімен бүкіл халықты бейбітшілікке шақырады.Неміс жұмысшыларын бауырым – деп олардың соғысқа кінәлі емес екенін жазады.Міне, Мұқаңның кереметтігі.Сондықтан да халық Мұқаңа баяғыда-ақ қазақтың ақиық ақаны деген құрметті атақты беріп қойған.Мұқағали халқының жүрегінде мәңгі сақталады. [22]      

      Мұқағалидың өлеңдеріне көптеген әндер жазылғанын білеміз.Солардың бірі әуенін Нұрағаң (Нурғиса Тілендиев) жазған «Болмасын соғыс болмасын» әні:

…Мәңгілік бақыт орнасын,

Болмасын соғыс, болмасын!

Мәңгілік бақыт орнайды,

Болмайды соғыс болмайды

    -деп ұрпаққа бақыт, бейбіт өмір, сәбилер жетім қалмасын және ондай күндер келмесін деген тілеуді өлеңмен жеткізеді. [23] Ылайым Мұқаңның осы тілеуі қабыл болғай деп, бәріміз де Алладан тілеу тілейік.

Мұқағали да жазды олар туралы .Бірақ,бір ғажабы ,Мұқағали елітіп кеткен жоқ, беріліп кеткен жоқ, ерді, бірақ, берілмеді.Мысалы үшін ,менің әдейілеп астын сызып отырып оқыған поэмам “Мавр”.” Маврда” дәріптеу, жағыну, асқақтату үшін жазылған шығарма деп айтуға болмайды.

Мысалы үшін ,мына бір жолдарды алайық:

Өмір ,өмір… өмір  өзі-бір құйын,

Ұлы болып туылғаннан,

Ұлы болып өмір сүрсек тым қиын.

Бұл Мұқағалидің осы сөзінің астарынан ешқандай Маркс көрініп тұрған жоқ.Енді бір жолын келтірейін:

Күйкі өмірге құл болу да тым жаман.

Ары кет  деп талақ тағдыр –күйбең  тірлік алдайды.

Ақымақтың бақ боп қонып басына,

Ақылдыдан аулақ кетер,бармайды, -дейді, немесе

Біле тұра ұры арбакеш тағдырға,

Уайымды ұстатамыз  қамшы ғып.

Бұл жерде қазақтың қара өлеңі бар. Ары қарай кеттік. Тұтас бір төрт-бес шумақты мысалға келтіргім келеді. Оқырман адасып ,білмей, Мұқағалиді шағынған екен, жалынған екен деп ойламас үшін.

Олар ойды түрмелерде түнетті,

Олар сойды қанжоса ғып жүректі.

Даналардың дана миын саудалап,

Даналардың қанын сорып күнелтті.

Мұны XlX ғасырдағы Германия деп айтасың ба?, XX  ғасырдағы Кеңестер одағы  деп айтасың ба ,ақылды  оқырман түсінеді,біледі,қай кезеңді  айтып отырғанын.Бір қарасаң, XlX  ғасырдағы Германия ,бір қарасаң XX ғасырдағы Қазақстан,Кеңес Одағы.

Тағдырды олар тамұқпенен тыстады,

Жанды олар жала отымен  ыстады.

Ұлылардың ұрпағын да өзін де

Қара қүштің қадірінде  ұстады….

 Не деген қайғы .Сен Германияны ұмытып кетесің ,сен өзіңнің  Кеңестер Одағында  отырғаныңды есің аласың ,есіңе алып қана қоймайсың, ақынмен бірге күңіренесің.

Опат болған ғасырлардың күлінен,

Отқа өртенген Брунолар қарайды…

Бруно-Еуропаның орта ғасырдағы ұлы ғалымы емес па, оның бар кінәсі Жер Күнді айналады дегені,сол үшін оны отқа өтіп жіберген жоқ па? Қазір кеуделерін керіп, біз бүкіл жер бетіне өркениетті әкеп жатырмыз, мәдениетті сіңіріп жатырмыз деп жүрген еуропалықтар ұлы ғалымдарын орта ғасырда Жер Күнді айналып жүреді дегені үшін Бруноны да, Коперникті де өртеп жіберген болатын. Ал Шығыс халықтары бұдан екі мың жыл бұрын Жердің Күнді айналып жүргенін білген. Қазақ білген, қазақтың жиені, Қытайдың ұлы ғалымы Конфуций білген. Жердің Күнді айналып жүргенін қазақ осыдан екі мың жыл бұрын Күнге табынған. Сондықтан да біздің халықты күн деп атаған. Өз тарихымызды өзімізден қызғанатын кейбір ғалымсымақтар Гун деп жазып жүр. Ол ешқандай да гун емес, — Күн.

Гитлердей бұзығынан «Сый» алған

                                         Германия әлі күнге жаралы.

                                         Ұлдарынан, ұрпағынан ұялған,

                                         Ару-Берлин жарты беті қаралы…

Не деген ғажап шумақ?! Бір-ақ шумақ. Марксті айтып отыр. Бүгінгі, елуінші-алпысыншы жылдардағы Германияның мүшкіл халін көз алдымызға алып кеп отырған жоқ па?

Содыр, сойқан, бүліктер,

Ақылдыға қақпан құрып қояды

Ақымаққа сый-құрмет, біліп көр -дейді.

   Бұл Маркскті, Германияны айттым деп отыр. Бүгінгі өзінің замандастарына айтып отырған жоқ па?! Әрі-беріден соң, Қазақстан Жазушылар одағын айтып отырған жоқ па?! Қазақстан Жазушылар одағын басқарған азаматтарды айттым деген жоқ па?!

Тағдырыңды жасайтын да адамдар,

Тағдырыңды бүлдіретін адамдар!

-дейді, және де,

Өмір, өмір… өмір өзі-бір құйын,

Ұлы болып туылғаннан,

Ұлы болып өмір сүрмек тым қиын.

Бұл Мұқағалидің өз философиясы. Басқа ешкім айтпаған ұлы философтың үш жол ғана өлеңі.

   Осы поэманың кейбір тұстарын оқып отырғанда, «Мавр» деп отырғаны Мұқағалидің өзі ме деп қаласын. Ұмытып кетесің кімге арналғанын, кімге айтқанын. Мұқағали Маркстің тағдырынан өз тағдырын іздейді. Маркс көрген қорлығын өзі де көріп жүргенін өзі де айтады, меңземей тура айтады. Мысалы,

Жынға бығып, тояттаған барыстай

Жатыр алда Ұлыбритания, — дейді, не деген ғажап теңеу.

Сонымен, айтарымыз, Қиындық ешкімді іздеп келмейді, ешкім қиындыққа өз еркімен ұрынбайды. Қиындық Алланың пендесіне берген сынақ кезеңі. Жарылқай білген Жаратқан  Иеміз сынай да біледі. Мұқағали сол сыннан өтті. Сүрінбей өтті. Сынған жоқ. Майысты. Күйреп қалған жоқ, қайта шыныға түсті.

Мұқағали туралы осы күнде екінің бірі айтады, шіркін-ай, совет үкіметі Мұқағалиға керемет жағдай жасаған болса, бес бөлмелі үй берген болса, екі қабат коттедж салып берген болса, Мұқағали бұдан да керемет жазар еді ғой деген сияқты. Ол қате пікір. Мұқағалидың бар творчествосы, Мұқағалидың бар өмірі сол – өзі өмір сүрген заманның жемісі. Демек, өлеңін – өмірге, өмірін – өлеңге айналдырған бір туар талант иесінің шығармашылығы  қанша уақыт өтсе де, өз мәнін жоймайтын құнды дүниелер.

Құндылығы сол озге тілдерге аударылып жатыр. Тақырыбымызға қатысты «Соғыстың соңғы көктемі» өлеңін аударған Гауһар Халық.

Соғыстың соңғы көктемі.

Жасылмен бояп қойғанда?

Жап-жасыл таудың бөктері.

Қырлар да, мынау ойларда,

Жап-жасыл болып көктеді.

Соғыстың соңғы көктемі.

Көп болды жасыл тауларға,

Жап-жасыл бұлттар шөкелі.

Әкелді шуақ бар маңға,

Соғыстың соңғы көктемі.

Соғыстың соңғы көктемі,

Көп болды нұрын төккелі.

Жап-жасыл анау аспанда,

Аспан да, сірә көктеді.

Бойына таудың асылып,

Шұғыла тұрды, көк меңі.

Кызғанып, гүлін жасырып,

Қылтанақтар да көктеді.

Соғыстың соңғы көктемі.

Жап-жасыл шыбық талдағы,

Орманның жасыл шетпені.

Қуанта бірақ алмады,

Сонау бір үйді шеттегі.

Соғыстың соңғы көктемі..

The last spring of war

As if painted in green

Those hills, those mountains

Is it painted in green

By the last year pf war,

Ninenteen forty –five s pring?

As if clouds in blossom

Jumping  atop the rocks,

Blue sky in peace

Like a pearl’s bliss.

As if that old forest

Woke and  bloomed to glow.

Merrily singing flowers

Jealously hide their prickles.

Thus You had come

Gifting Freedom and joy

The last spring of war

Folk  had longed so for!

As if stepped up horizon

The last spring of war,

Alas! No one had steepped

To there aiting home

In nineteen forty-five spring…[24]      

Мұқағали – жалпыхалықтық, ұлттық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, оның қазақ екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың. Жалпы ұлттық рух дегенде, мынадай басты құндылықтарымызды алға тартар едік. Олар – туған жер, өскен өлкеміз, ана тіліміз, тарихымыз, дініміз, салт-дәстүріміз. Міне осы құндылықтардың қай-қайсысы болса да Мұқағали өлеңбаянының алтын арқауы.

Қорытынды

           Екінші дүниежүзілік соғыс – әр елдің тарихында Ұлы Отан Соғысы деген атпен қалды. Себебі, мұнда бір ғана ұлттың емес, 15 елді қол астына біріктірген алып империяның тағдыры таразыға тартылды. Бүгінгі ұрпақ мақтан тұтар бір жайт, сол кезеңдегі ерлік көрсеткен жауынгерлердің басым көпшілігі Қазақ еді. Яғни әрбір майданға аттанған 5-жауынгер Қазақ баласы болды. Сондай-ақ, майданға барып ашық күреспесе де, сол жауынгерлерге рух беріп, оларды тамақпен, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіп,  сол кезеңдегі тылда жұмыс істеген әйелдер мен балалардың еңбектері де өлшеусіз. Демек, сол қасіретті жылдарда өмірге келген ұрпақ та, сол кезеңнің жауынгерлері.

Алаңсыз балаң шағын соғыс өрті жалмаған Мұқағали да, небәрі 10 жасында бір отбасының тірегі болып, майданда майып болған әкесінің орнын жоқтатпады. Бүкіл саналы ғұмырдың бастауы балалық шақ десек, оның өлеңдерінен соғыс тақырыбын алып тастай алмайсыз. Сол өлеңдер арқылы тұтас бір кезеңнің көрінісін сипаттап берген оның шынайы жырлары – соғыс жылдарына сөзбен соғылған ескерткіш тәрізді. Яғни, кейінгі ұрпақ сол жылдардың отты елесін іздесе, Мұқағали өлеңдерін оқуы тиіс.

Себебі, Мұқағали ақынның қай өлеңін алып қарасаңыз да осы бір тағдыры қиындау кезеңді айналып өтпейді. Сол өлеңдері арқылы сол кездегі жетім бала мен жесір әйел тағдырын шынай суреттеді.

Менің бұл тақырыпты алғандағы басты мақсатым – ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, сол кезеңдегі өшпес ерлікпен фашистерді тізе бүктірген кеңес жауынгерлерін, оның ішінде миллиондап қырылған қазақ жауынгерлерінің батырлығын кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Және, сол жауынгерлер арасында Калининград түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқан, Мұқағали ақынның әкесі жайлы аз-кем ақпар беру. Сондай-ақ, ақынның соғыс тақырыбына арнаған өлеңдерін халыққа кеңінен насихаттау арқылы жас ұрпақтың бойына отаншылдық, патриоттық деген ұғымдарды қалыптастыру.

Елбасымыз айтқандай: “Қазақстанның болашағы – жастардың қолында” десек, болашақтың тұтқасын ұстаған әрбір азамат аталар ерлігінен үлгі алып, өзінің тарихынан хабар берер әр туындыға құрметпен қараса, патриоттық деген ұғым өз-өзінен қалыптаспай ма? Бұл еңбекті жазуда көзім жеткені, Мұқағали өлеңдерінің халық арасында үлкен сұранысқа ие болуы. Оған бір дәлел, ақынның жырлары бірнеше тілдерге аударылып, шет ел оқырмандарымен қауыша бастаған. “Соғыстың соңғы көктемі” атты өлеңнің ағылшын тіліне аударылып, таралуы – біріншіден, ақын өлеңдерінің кең қанат жаюуын, екіншіден, соғыс кезіндегі қазақ жауынгерінің ерлігі  шет ел оқырмандарының  назарына іліккенін аңғартады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Мақатаев М. «Жырлайды жүрек» А., «Жазушы», 1989 ж, 296 б.
  2. Мақатаев М. «Қарасаздан ұшқан қарлығаш» А., «Жалын», 1999, 158 б.
  3. Мақатаев М «Жырлайды жүрек»., 106 б.
  4. Бұл да сонда., 128 б.
  5. Бұл да сонда., 71 б.
  6. Мақатаев М. «Жүрек арызы», Алматы, 2012, 55 б.
  7. Бұл да сонда, 182 б.
  8. Мақатаев М «Жырлайды жүрек»., 136 б.
  9. Мақатаев М. «Күнделік», Алматы, «Жалын», 1987 ж, 72 б.
  10. Мұқағали журналы №6, 2010 ж, 41 б.
  11. Мақатаев М «Жырлайды жүрек»., 55,109 бб.
  12. Мақатаев М. «Жүрек арызы», Алматы, 2012, 220 б.
  13. Бұл да сонда, 269 б.
  14. Бұл да сонда, 32 б.
  15. Мақатаев М «Жырлайды жүрек»., 24 б.
  16. Бұл да сонда, 223 б.
  17. Мұқағали журналы №5, 2010 ж, 13 б.
  18. Мұқағали журналы №11-12, 2012ж, 25-41 бб.
  19. Мақатаев М. «Жүрек арызы», Алматы, 2012, 37 б.
  20. Мұқағали журналы №5, 2011ж, 41-44 бб.
  21. Мұқағали журналы №3-4, 2012ж, 12-14 бб.
  22. Бұл да сонда, 15б.
  23. Жеңіс өлеңдер жинағы А., «Жалын», 1985 ж, 92 б.
  24. Мұқағали журналы, №6, 2013 ж, 23 б.

Related Articles

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Stay Connected

3,510ЧитателиЧитать
0ПодписчикиПодписаться
- Advertisement -spot_img

Latest Articles