17 C
Нур-Султан
Воскресенье, 11 июня, 2023
spot_img

Бала  тәрбиесіндегі ата-ананың  ролі

Бабам қазақ қанша бала сүйген,

Мұрагерім болса деп мақсат қылып.

Бала дауысы шыққанда қараша үйден,

Атын сойып той қылған ат шаптырып.

Жолдастар, қай халықта болмасын бала – өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-аналар басты роль атқарады.

Ата-ана бала тәрбиесіндегі негізгі тұлғалардың бірі.Сондықтан оның жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқын жете білген абзал. Ол үшін баланың іс-әрекетіне тереңірек үңіліп, онымен әңгімелескенде баланың пікірімен үлкен адамдай санасқан жөн. Сонда ғана бала мінезіндегі әр көріністерге ерекше назар аударылады.Сондай-ақ тәрбиені қалай , неден бастау керек екендігі айқынырақ болады. Баланың өзіңізге деген сенімін ақтап, оның сөзіне көңіл қойып, талдап түсіне білсеңіз, әділ-шыншыл болсаңыз, сіз оның сырлас досы, әрі ақылшы, үлгі алар өнегесіне айналасыз.Бала алдында мұндай сеніммен беделге ие болған ата-ана айтқан ақылы да, қолданған жазасы да ықпал етпей қалмайды. Олай болса баламен күнделікті әңгімеге ерекше мән берген жақсы.

Кейбір ата-аналармен сөйлескенде «екеумізде жұмыстамыз , кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» — дегенді айтады. Бұл дұрыс емес.Оны дәлелдеп те жатпаймыз, баламен сөйлесуге арнаулы уақыт бөлудің тіпті де қажеті жоқ. Мысалы: «Қызы мен анасы кешкі астын жабдығында жүріп-ақ , әке мен бала өз міндеттерін орындау үстінде , оқу жайлы, әр түрлі жаңалықтар туралы пікірлесуіне , алуан түрлі тақырыптар да әңгімелесуге болады.

Семьядағы бала тәрбиесі мұнымен ғана шектелмейді. Айта берсек оның тараулары көп-ақ , эстетикалық, адамгершілік туралы мағлұмат беру үлкен әңгімені керек етеді. Ол уақытқа байланысты. Мысалы: Ата-ананың баласына күнделікті уақытты дұрыс пайдалануға  ықпал ету керек. Онда балаға берілетін еңбек тапсырмасы ( балалардың жас, жыныс ерекшеліктеріне қарай) ескеріледі. Оқудан кейінгі  уақытта не істейтіндігі айтылады. Ата-ана өз уақытын тиімді пайдаланса, ол бала үшін үлкен өнеге. Мұндай тәлім алған бала күн режимін қатаң сақтап, уақытты ұқыпты пайдалануға әрекеттенеді, жұмыс тәртібіне, еңбек режиміне дағдыланады. Жастайынан жұмыс істеп үйренген бала, өскенде  де уақытын босқа жібермей , ұқыпты өткізеді. Ал бос жүру, еңбек етуден бойын аулақ салуға тырысады.

Жолдастар, баласының білімді, өнерлі, шын мағынасындағы жоғары мәдениеттіазамат болып өсуін қай ата-ана қаламайды? Соның бірі, баланың жақсы оқуға ынтасы. Тәжірибелі  ата-аналар мұны ерте бастан аңғарады. Ол оқуға баратын күнді шыдамсыздана күтеді. Мұндай ата-аналар баласын күн ілгері  мектепке апарып, оның сырт  көрінісімен, оқу кабинеттерімен таныстырады. Сабақ беретін мұғаліміне кездестіреді. Бұл балаға ерекше әсер етеді. Класына алғаш кірген бала партаға отырғанды өзіне бақыт санайды, көрген білгенін жолдастарына  айтқанша асығады. Мұндай балалар мектепке қашан барамыз? Оқуға неше күн қалды? – деген сұрақтарды жиі қояды. Бірінші күннен сабақты қызыға оқып, білімге құмар болып өседі.

  Ата-ананың мұғалімдермен тығыз қарым-қатынаста болуы, бала тәрбиесіне өте тиімді. Бұл балалардың оқуға немқұрайлы қарауына, кейбір пәндерге мән бермей, оған үстірт қарауды болдырмайды. Мұндай  жағдайда семьяда баланың сол пәндерге ынтасын арттыруға байланысты жұмыстар жүргізу орынды, кейбір семьяда бала нашар баға алса, оған ұрсып, күш қолданады. Бұл дұрыс емес. Онанда себебін жете біліп, қиыншылықтан өздігінен шығуына жәрдем беру керек. Өкінішке орай ата-аналардың көпшілігі оқу жылы басталғанда балаларын мектепке береді де, өздерін жауапкершіліктен құтылдық деп санап, баланың сабақ оқуына көңіл бөлмейді, үйде даярлануын  бақыламайды. Бақылаусыз бала уақытының көпшілігін ойынмен өткізетіні белгілі соның салдарынан орта мектепті бітірген оқушылардың бірлі-жарымы кітапты жеңіл оқи алмайды. Сауатты жаза білмейді. Оның басты себебін көптеген ата-ана мектептен көреді.

Қазір барлық жанұяда теледидар бар. Ол ата-анамен бірге бала тәрбиесіне атсалысады. Сондықтан мұны семьяның ескергені тиімді екенін тәжірибеде көрсетті. Балаларына жан-жақты тәрбие беретін үлгілі семьялар теледидар мен радиодағы қажетті хабарларды қалт жібермейді. Халықаралық елеулі оқиғаларды радиодан тыңдап, баспасөзден оқып, ұққанын семья мүшелеріне айтып беруінің де әсері мол. Бұл баланың білуге құштарлығын арттырады, ой өрісін дамытады, саяси тәрбие береді.

Сондай-ақ баспасөзге жазылғанда «Балдырғанға», т.б. балаларға өз газет журналдарын,жоғарғы класта оқитындар үшін «Ақжелкенге» т.б. ғылыми көпшілік журналдарды ескерген жөн. Мұнымен қатар ата-ана баласын әртүрлі үйірмелерге қатыстырса көп ұтады, өзіндік қабілетін дамытады.

Жолдастар, баланың  мінез –құлқын  нормасын  қалыптастыруда  эстетикалық   тәрбиенің  алатын орны ерекше. Бұл үйдің тазалығынан басталады. Заттарды  дұрыс жинау, таза киіну, шаш пен тырнақты өрескел  өсірмеу, көпшілік орындарда өзін-өзі ұстай білу, барлығы осы тәрбиемен өзектес.

Алдымен ата-ана өзіне-өзі жоғары талап қоя білген орынды. Ол үшін өзі ұқыпты, жинақы киіне білсін. Балаға қоңыр, қара , күңгірт киімдерді алудың қажеті жоқ. Керсінше ашық түсті  матадан тігілген киіммен бала таза жүруге тырысады, оның үстінде сәнді, әрі сүйкімді көрінеді. Әрбір ата-анаға баласының үйде, мектепте киінетін киімдерін түгелдеп, олардың таза жинақы  болуын бақылауы керек. Көпшілік орындарда өзін-өзі ұстай білуге , үйренуге 15-17 жастағы балаларды концертке, митингілерге, театрларға ерітіп бару да пайдалы, мәдениетті адамдарды көпшілікті көріп соған еліктеп өседі.

Нәзік сезім мен жоғары талғамға талаптандыруда бейнелеу өнері мен музыканың орны ерекше. Ауыл-село мектебінің кейбірулерінде  бұған  лайықты мұғалім жоқ.Сондықтан әрбір ата-ана мүмкіндігінше мектепке көмектескені  тиімді. Мысалы: Балаларды сурет өнерімен таныстыру, радио, теледидар арқылы берілетін композиторлардың  өмірімен, шығармаларымен   танысу баланың  музыкалық  қабілетін жетілдіреді,  сазды әуенге ынталандырады. Ата-аналар баласының кластан тыс  уақыттарда көркем әдебиет  кітаптарын оқытуға да ат салысқаны тиімді. Мысалы: Көптеген семьяда өзіндік кітапхана бар. Оны әр семья мүшесінің тиімді пайдаланғаны жөн. Барлық мектептерде  кітапхана  бар,  ондағы кітап  қоры жеткілікті. Класс жетекшілер, пән мұғалімдері кітап оқушылары конференцияларын өткізу тиімді нәтиже береді. Бұл жерде мектеп кітапханасының қызметын тиімді  пайдалану да орынды.

Жолдастар, жас өспірімдерге еңбек тәрбиесін беруде ата-анаға зор міндет жүктеледі. Соғыс және еңбек ардагерлерімен болған кездесуден балаларының алған әсерін тыңдап, дұрыс қорытынды шығарған семьяның балалары жастайынан еңбекке құштар келеді. Еңбек тәрбиесі үй-ішінің  ұсақ-түйек жұмысынан бастап, мектептегі тәжірибе алаңына көшет отырғызу, көкөніс дақылдарын күту, т.б. мен жалғасады. Осыларды жақсылап істеп, жаттыққан бала ғана келешекте қоғамдық еңбекке жақсы араласады, болашақтағы мамандығын тез игереді.

Кейбір ата-ана баласына қымбат сағат, сақина, білезік, велосипед тіпті мотоцикл алып береді. Мұндайлар өзін басқалардан биік санап, коллективтен оқшау жүреді.  Қоғамдық пайдалы жұмыстардан сырт қалып, сабақты нашар оқитын болады.

Семья мүшелерінің біреуі маскүнемдікке салынып, ауызына келген  сөзді айтуы, жанжал шығаруы, баласының көзінше басқа біреуді сөгуі , біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Ал кейбір лауазымы жоғары ата-аналардың өр-көкірек, тәкәппар болуы баласына кері әсер етеді. Мұндай ата-ананың өзі де, баласы да үй шаруасымен айналыспай тік өседі. Олар үй шаруашылық жұмыстарын қарамағындағы бағыныштыларға істетеді. Бұны көріп өскен бала өзге адамды сыйламайтын, жеңілтек мінезді келеді. Әрі туған туыстарына жат бауыр болып, бір-біріне қараспай кетеді, қылмысқа да барады.

Балаларды семьяда тәрбиелеуде ата-аналарға жүктелетін жұмыстардың ауқымы көп-ақ. Оның  бәрін қамту мүмкін емес. Біздің ше бала тәрбиесінің нәтижелі болуы ата-ананың беделіне байланысты. Оны қолдан жасауға болмайды. Ата-ананың мінез қылығына , жұмысына, адалдығына қарап бала өседі.

Жолдастар, қазіргі тәрбиенің мақсаты: қазақ елін шын сүюге, қазақстан азаматы болуға, шындыққа және адалдыққа тәрбиелеу. Баланың  үлгілі көрегендігі , тәртіпті  болып өсуі көбінесе  семьядағы ата-ана мен туған-туыстарының өнегелігіне байланысты. Сондықтан ересектер  баланы әуел бастан-ақ, қандай жағдайда болмасын шыншыл да, адал болуға баулығандары жөн. Тәлім-тәрбие істерінде ешқандай ұсақ түйек болмаса керек. Амал не, кейбір баланың шыншылдықтан ауытқуына кейде ата-ананың өздері, бақылаусыздық жасап, жол береді. Мәселен екі бала ойнап жүріп жанжалдасын қолса,  өз баласы басқа балаға қиянат жасағанын көре тұра жәбірленген  баланың ісін теріске шығаруға  тырысатын ата-аналар  мен үлкендерге не дерсің? Бадырайып тұрған  шындықты теріске  айналдыру  — тәрбие ісіне айтарлықтай нұқсан келтірері  сөзсіз. Тағы бір мысал:  Баланың  әке-шешесін сырттан іздеп келсе, немесе солардың бірін телефонға шақырса , «Айналайын мені жоқ деп айта салшы»- деп балаға  жалған айтқызады. Өз ісінің орынсыздығына көз жүгіртіп ешқандай мән бермейді. Ал шындығында осындай ойланбай  істеген ісінің баланың пәк сезімін бүлдіруі, оған теріс тәрбие беру, көбіне өтірік айтуға үйрету екенін  түсіне бермейді. Тағы бір мысал: тыста өздерімен бірге ойнап жүрген баланың ойыншығына қызығып алып келген баласына, әке-шешесі, туыс-туғандары  қайдан алдың, кімнен алдың қазір өзіне апарып бер,  ойнағаның үшін рахмет айт, рұхсатсыз алғаның үшін кешірім сұра» демесе баланың бұл ісінің кейінгі нәтижесі  теріс болары сөзсіз. Яғни бара-бара ұрлық жасаудың, қызғаншақтың, өзімшілдіктің әдеттерін бойына қалыптастыруы мүмкін.

Бала тәрбиесі жөнінде Абай: «Жақсы бала ата-анаға қызық, жаман бала ата-анаға күйік» дейді. Мұны бүгінгі өмірдің өзі дәлелдеп отырғаны ақиқат. Бала адамның бауыр еті. Ең алдымен сол баланың қызығын да азабын да көретін ата-ана.Соларды жөргектен бастап бағып-қағатын, өсіріп ширатып қанаттандыратын да солар. Оларға тұңғыш рет жақсы үлгі мен өнеге беретін де, сана мен сезім егетін де ата-ана, оны ешкімде алмастыра алмайды. Ал, бала тәрбиесінің мәнін кейбір есалаң жандар: «жалғызым еді, тұңғышым еді, кенжетайым еді» деп баланың кейбір жағымсыз істерін көре тұра тыйым салмайды.

Міне, мұның бәрі де – қоғамдық тәрбиеден, тысқары істер. Біздің қазақта бала тәрбиесімен айналысу  жауапты да игілікті іс.  Себебі әрбір бала әр шаңырақтың қуанышы  болумен бірге Отанымыздың ертеңгі азаматы. Сондықтан ата-аналар барынша  әділетті, адал болып өздерін өнегелі ұстауы, класс жетекшісімен, мұғаліммен тығыз байланыс жасап тұруы, үлкен ғалымдар мен маман  педагогтардың балалар тәрбиесіне арналған пікірлерін, нұсқаулары мен ақыл-кеңестерін үзбей оқып, лекцияларын тыңдап отырулары қажет.

Әрбір ата-ана осы талапты әрқашан есте сақтауы тиіс. Міне сонда ғана ертеңгі болашағымыз жас жеткіншектер жан-жақты тәрбиеленеді. Сөйтіп біздің жастарымыз халқына, Отанына адал болып өседі.

Жолдастар, еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеу, саналы білімді, азамат етіп өсіру әрбір ата-ананың міндеті.

Шынында да ата-ананың жақсы өнегелі сәбиін жөргектегі кезінен бастап қалыптастыруы  жақсы нәтиже береді, оны біз өмір тәжірибесінен көріп жүрміз. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген халық нақылы да осы айтқанымызды растай түседі. Сондықтан да балам еркелігін өскен соң қояды, немесе мінезіндегі кемшілік мектепке барғанда түзелер» деп, арқаны кеңге салу ертеңгі кештің кепілі.

Нәресте тәрбиесінде әке-шешесінің атқаратын ролі бірдей. Балаға тән байқағыштық, сезгіштік  көргенін қолма-қол қайталау сияқты ерекшеліктерді, біз ересектер үнемі, ескергеніміз жөн. Семьяның өз ара татулығы, сыйластығы, сәбидің көзінше байқап сөйлегені , өрескел қылық  көрсетпегені жақсы. Өкінішке қарай ашу үстінде кейде бұған онша мән бермейміз, тілін қызық көріп жаман сөзді қайталағанда тыймаймыз. Ал кейін, мұндай жағымсыз әдетті қайдан үйреніп жүр? Деп басқа біреулерді кіналауға тырысамыз.

Ел арасында жиі кездесетін тағы бір зиянды , баланың көңіл-күйін жүдететін жайт – ұлды болашақ шаңырақ иесі, мұрагер, ұрпақ жалғастырушы, әкенің жаңа атын шығарар азамат санап, ерекше құрметтеу даңдайсыту, қызды, «ертеңгі біреудің адамы» деп бөліп шеттету. Баламыздың теріс ісін көре тұра , біле тұра, біреу ескерту жасаса ара түсіп, жүз шайысуға дейін баратынымыз да тәрбиеге нұсқан келтіреді.

Жолдастар, жас ұрпақтарды, ұлттық  рухта тәрбиелеуде мектеп пен семья үнемі тығыз байланыс жасап, бірауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып, отыруы – өмір талабы. Әрине бала уақытының көбін үйінде өткізеді. Сондықтан оның  тәрбиесінің көбі әке-шешесіне түседі. Амал не, кейбір ата-аналар тәрбиешілерге, мұғалімдерге ұрпағы алдындағы парызын жүктеп, үйде өздері жөнді көңіл бөлмейді. Әркім өз баласының ісін жіті бақылап, теріс басқан қадамын дер кезінде түзеп, мұғалімнің айтқан сынын, ескертуін қабылдап бірлесе баулыса нұр үстіне нұр ғой. Осы мақсатта оқушының ата-анасымен сөйлескенде « тәрбиелеуге, кемшілігін түзетуге өздерін міндеттісіздер» — деп дүрсе қоя береді. Жұрттың баласының бәрі сондай деп, жүре жауап беретіндер де бар. Мұндай ата-аналар жыл бойына мектеп есігін ашпайды, баласының оқу үлгерімін қадағаламайды, тіпті тоқсан қорытындысына арналған жиналысқа да қатыспайды, үй шаруасын істеу үшін оқушыны сабаққа жібермейтін әке-шешелерде кездеседі. Заман талабына сай жаңа адам тәрбиелеп өсіру, олардың бойына тамаша қасиеттерді дарыту оңай міндет емес, ата-аналар, ұстаздар, тәрбишілер бірлесіп ынтымақтаса отырып, жұмыс жүргізгенде ғана біз қиын да жауапты парызымызды ойдағыдай жүзеге асырамыз.

Related Articles

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Stay Connected

3,802ЧитателиЧитать
0ПодписчикиПодписаться
- Advertisement -spot_img

Latest Articles