Абай атамыз өмір сүрген заманға сыр шерткіңіз келе ме? Ұлы ақынды біз біле бермейтін ерекше қырынан танып, балалық шағына куә болғыңыз келе ме, немесе сол қоғамның бүкпесіз бейнеленген өмір шындығы мен халықтың тағдыры жайлы білгіңіз келе ме? Егер Абай атамыз тыныстаған заманға саяхат жасағыңыз келсе, ұлы ақынмен тілдескіңіз келсе, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» атты әлемдегі ең шоқтығы биік үздік шығармасымен таңысып көріңіз. Себебі «Абай жолы» роман-эпопеясында Абай заманы, дәуірі, халықтың тағдыры аса мол, терең бейнеленгені соншалықты өзіңіздің сол заманға қалайша түсіп кеткеніңізді аңғармай да қаласыз.
Абайдай ұлт мақтанышын идеалдық тұлғаға айналдырып, дүниежүзіне танытқан, қазақ тұрмысын осыншалық дәл көрсеткен Мұхтар Әуезовке қызыға әрі қызғана да қарайтындар көп. Себебі Мұхтар Әуезов Абай дүниеден өткенде небәрі 7 жаста болатын. Абайдың өмірі жайлы сыр шертуге жазушыға 7 жылдың өзі жеткілікті болғаны ғой. Яғни сол жеті жасқа дейін-ақ ұлы ақынды бірнеше рет көрсе керек. Ал енді өзіңіз ойлап көріңізші, «өз заманы үшін жұмбақ жан күйінде өткен ғажайып ақын» жайлы төрт томдық өмірбаяндық эпопея жазу қаншалықты қиын дүние? Талай мұрағат, талай еңбек ақтарылды,қаншама адамдармен сұхбат құрылды.Қаншама тер төгілді, небір ұйқысыз түндер өтті. Яғни, Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Міне, Әуезовтың Абайға, Абай әлеміне деген махаббаты, Абайды білсем, іздесем деген талпынысы «Абай жолы» атты төрт томдық еңбектің өмірге келуіне жол ашты.
«Абай жолы» эпопеясы – қазақ қоғамының ғасырлық тұрмысын, әлеуметтік жағдайын дәл бейнелейтін туынды. Мұндағы романның кейіпкерлері, барлық рулар, жетекші кісілер, тіпті жер-су атауларына дейін өз аттарымен берілген. Эпопеяда 953 кейіпкер бар, оның 91-і Абай өмірбаянынан алынған. Зәки Ахметов «Абай жолы» қалай туған?» мақаласында: «Эпопеяда Абайдың өзін былай қойғанда, Әбіш, Мағаш, Оспан, Базаралы, Тоғжан, Әйгерім, Ұлжан, Құнанбай, Әзімбай, Тәкежан, Оразбай, Бөжей, Жиренше, Майбасар секілді сол дәуірде, сол ортада өмір сүрген прототипі бар кейіпкерлер мейілінше, мол. Солармен қатар Дәрмен, Дәркембай, Иса, Иіс, Сейіт, Салтанат секілді түгелдей дерлік ойдан шығарылған кейіпкерлер де аз емес. Және оларды осылай екі топқа тек шартты түрде бөлуге болады. Өйткені, олардың арасынан жарылып айырылғандай пышақ кесті жік табу қиын», – дейді.
Абай жолы романы талай шындықтың бетін ашқан, сол қоғамның арсыз, пайдақор адамдардың бейнесін әшкерелеген,қоғамдағы жаға ұстатарлық жағдайлардың ақиқатын ашқан ерекше шығарма ретінде оқырман жүрегенде мәңгілікке сақталды. Бөжей үйінде тірі жетім ғып әкесі «ит жемеге тастатқан» кішкене мүскін Камшат тағдыры, Абайдың шындық үшін күресу жолында балалары мен ең жақын адамдарынан айырылып қалуы, сол замандағы әйел мүддесінің қорғалмауы іспетті трагедияға толы оқиғалар оқырманды ерекше күйге бөлегені анық. Әсіресе 1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан жарық дүниеден өтеді. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахманнан айырылады. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Сындай қабаттасқан қайғы қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Абай соңғы демі қалғанша халқы үшін еңбек етеді. Себебі бала ақын өзін қоршаған орта айналасында қайнаған жауыз тіршіліктің куәсі болып өседі. Бала кезден әкесі орнатқан тәртіпке, зорлақ-зомбылыққа жаны түршіге, жиіркене қарайды. Әсіресе романның басында Мұхтар Әуезов осы оқиғаларды аса шыншылдықпен жеткізеді.
Абай жолы роман-эпопеясының «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда», «Тайғақта» деген келесі төрттік бөлімінде Абайдың жасөспірімдік, бозбалалық, жігіттік шағы бейнеленеді. Бұл бөлімдерде Абайдың өмірінде өзгерістер көп, яғни ол әкесімен ел аралайды, ауылдар арасындағы түрлі келеңсіздіктерге тап болады, алғашқы махаббаты Тоғжанды жолықтырады, ата-анасының ұйғаруымен атастырылған жары Ділдәға үйленеді, 17 жасында әке атанады және әжесі Зереден айырылады. Осы романды жазған жазушы Мұхтар Әуезов ең бір әдемі, ең бір әсем көріністердің бірі ретінде Абайдың алғашқы махаббаты — Тоғжанды ерекше сөзбен әспеттеп, оның сұлулығын көркем сөзбен көмкеріп жазған. Үш әйел алып, соның ішінде Әйгерімге жүрек қалауымен үйленсе де Абайдың көңіл түкпірінде Тоғжан тұлғасы мәңгі мұнартып қалған еді. Тоғжан ұлы Абайды ұлы сезімнің алдында дәрменсіз күйге салған, арман мен сағыныштың қол жетпес қиянына айналған ару. Бұл сәт «Абай жолы» романында ерекше суреттелген.
Романдағы әйел-аналар, қыз-келіншектер бейнесі – өз алдына бөлек тақырып. Зере, Ұлжандай абыралы әжелер мен ардақты аналар, Ділдә, Әйгерім, Тоғжан, Салтанат, Қуандық, Керімбала, Балбаладай ғашық жар, ару қыздар бейнесі қазіргі біздер мен сіздерге үлгі-өнеге боларлықтай.Әр кейіпкердің бойынан қаншама жақсы қасиетер мен құндылықтарды байқай аламыз. Бұл Мұхтар Әуезовтың адам бейнесін ашудағы ерекше тәсілі болып саналады.
«Абай жолы» романында тарихи шындық пен қатар амалсыздан жазылған өтіріктер мен ойдан құралған кейіпкерлер де болған. Мысалы, Шәкәрімді Керім образында көрсеткен жазушы аяқ астынан Дәрмен секілді дайын кейіпкерді әкеліп, оны Шұбардан оздырады. Мұндай қадамдарға Әуезов амалсыздан барады. Өйткені, 1953 жылы «Казахстанская правда» газетінде «буржуазияшыл роман» деп «Абай жолын» айыптаған үлкен мақала жарық көреді. Онда Абайдың Меккеге бара жатқанда әкесіне жол көрсетуі, Құнанбай, Ділдә бейнесі сынға алынады. Нәтижесінде жазушы Құнанбайды қатыгез, қатал, Абайға қарсы адам ретінде суреттелді. Ал Ділдә «Абай жолының» алғашқы нұсқасында Абайдың сүйікті әйелі ретінде берілсе, кейін «байдың қызы» болғаны үшін жағымсыз рөлге ауыстырылып, «кедейдің қызы» Әйгерім алдыңғы орынға шығады. Бұл өзгертудің енгізілуіне жазушы Әлжаппар Әбішевтің «Абайдың махаббаты кедейдің қызы Әйгерім болуы керек. Оны шын сүйіп үйленген жары етіп жазса, Абайдың демократтығы ашылады», – деген сыны себеп болған. Осындай өзгертулерден кейін жазушы кітабының ары қарай жариялануына жол ашқанмен, енді ел ақсақалдарының сынына қалады. Құнанбайдың шын бейнесін білетін ақсақалдар арасында Әуезовке өкпелеп, қатты сөз айтқандары да аз болмапты.
Жетпіс жылдан асам тарихы бар «Абай жолы» шығармасының қысқаша сипаты осындай. Бұл туындыны қанша күн жырлап айтсақ та бәрібір өзіміз оқығандай болмайды. Тіпті қайталап оқыған сайын Абай атамызды әр қырынан тани түседі екенбіз. Егер Абай атамыздың өміріне саяхат жасап, сол кездегі қазақ халқының өмірімен етене таңыс болғыңыз келсе, «Абай жолы» романын оқуға кеңес беремін. Француз жазушысы Луи Арагон «Абай жолы» романы туралы: «Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» ,-деген екен. Демек, Абай атамыз жайлы құнды деректер келтірілген ғасырлық тарихы бар туындыны оқымау ұят болып саналады емес пе? Оның үстіне дана халқымыз ««Абай жолын» оқымаған қазақ – қазақ емес.»-деп бекер айтпаса керек.
Авторы: Қалдыбаева Балғын Қайратқызы
Электрондық потчта: z.kaldybaeva2004@gmail.com