Төл жазуымыздың латын графикасына көшуі – еліміздегі аса елеулі оқиға. Жалпы, бұған қазақ қоғамы дайын деп айтуға болады. Себебі, 1929-1940 жылдары латын графикасы қолданылғаны белгілі. Қазіргі таңда Сіздер ағылшын тілін игеріп жүргендіктен, латын графикасын үйрену қиын болмайды деп ойлаймын. Әрине, бұл мемлекет және саяси билік тарапынан ұсынылған үлкен реформа болғандықтан, әлі де талқылауды қажет етеді. Бүгінде тіл мамандары зерттеу үстінде.
Латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ.
Латынға көшу не үшін қажет? Бұл сауда мен экономика саласында жұмыс істейтін қызметкерлерге жақын мәселе. Себебі шетелден келетін күнделікті тұтыну тауарларынан бастап азық-түлік өнімдеріне дейін, соның ішінде бренд өнімдерінің барлық дерлік атауы латын графикасымен жазылған. Біз күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде сағат сайын, сәт сайын осы мәселемен ұшырасамыз. Мысалы: Mersedes, Toyota, Nissan деген атаулардың барлығын айна-қатесіз оқып, қиналмастан оның қандай маркалы автокөлік екендігін жазбай танимыз. Сонымен қатар, тұрмыстық техника құралдарын алатын болсақ LG, Samsung, Panasonic, Sony тағы басқаларының аты латын графикасымен жазылған.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», — деп Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда.
Ендігі кезекте Мемлекет басшысы атап өткендей ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.
Ал ғалымдардың еңбегін бағалап, ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету, жақсыны үйренбекке ұмтылу – жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті болмақ.