Қазіргі оқыту үрдісінде білім берудің тенденциялары мен даму бағыттарын қамтамасыз ететін көптеген педагогикалық технологиялар қолданыс табуда.
Осы жаңа педагогикалық технологиялардың ішінде сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясының орны ерекше. Бұл технологияны жарыққа шығарған американдық педагогтар Дж. Стил, К. Мередит, Ч. Темпл, С. Уолтер. Олардың пікірінше оқу міндетті түрде белсенді болуы керек. Оқушының әр нәрседен бір мән табуға мүдделі және білуге құмарлығы болса ғана белсенділік пайда болады.
Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әр түрлі технологиялары жасалып, білім беру мекемелерінің тәжірибесіне енуде. Жаңа технологияларды меңгерту мұғалімнің интелектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді.
Жаңа педагогикалық технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану үшін, әр мұғалім алдында отырған оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогтік мақсатына, мүддесіне сай, өзінің шеберлігіне орай таңдап алады. Бұл жаңа технологиялар-оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, терең ойлай білуін, теориялық негіздерін, эстетикалық көзқарастарын пайымдауын, баға беруін, танымдық белсенділігін дамытуға бағытталған. Жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін жаңаша дамыту, яғни оның нәтижесінің жоғарғы деңгейде болуын қадағалау жаңашыл педагогтардың қолында болды. Олар педагогикаға «жаңа технология»терминін енгізді. Бұл жаңашыл педагогтардың мақсаты-оқушылардың алатын білімдерін сапалы ету, оның толыққанды жеке тұлға болып қалыптасуына негіз болу. Осыған орай қазірде педагогикалық технологиялар көптеп саналады. Білімнің жаңа мазмұнын жүзеге асыру үшін жаңа технологиялар қажет-ақ. Сондай педагогикалық технологиялардың бірі.
Сыни тұрғыдан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль балалардың да, педагогтердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді. Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз-сабақта балалардың қызығушылығын арттыра отырып, өз ойыңды еркін және зерттей талпындырып, тұжырым жасау.Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз — ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасау. Сын тұрғысынан ойлау – оқу мен жазуды дамыту бағдарламасы. Оқушыны мұғаліммен, сыныптастарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты жеңуге баулитын бағдарлама. Оқушы — ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші. Мұғалім — әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы.Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Жобаның негізі мақсаты — барлық жастағы оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға сабақтарда үйрету.
Сыни ойлау сабағының құрылымы үш кезеңнен тұрады:
1.Қызығушылығын ояту ( «көпір жасау», ой қозғау). Бұл кезеңде мұғалім бұрынғы білетін білімдерін жаңа материалмен ұштастыруға жағдай жасайды. Үйрену процесі – бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Осы кезеңге қызмет ететін “Топтау”, “Түртіп алу”, “Ойлану”, “Жұпта талқылау”, “Болжау”, “Әлемді шарлау” т.б. деген аттары бар әдістер (стратегиялар) жинақталған. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділігін арттыру. Өйткені, үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады.
2.Мағынаны таныту (мағынаны ажырату) Реализация – оқып жатқан тақырыптардың қажетін түсіну. Мағынаны тану кезеңі негізгі кезең, сондықтан, оқылып жатқан материалдың қажеттілігін түсіндіреді. Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V – “білемін”, ― — “мен үшін түсініксіз”, + — “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да, оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуді жоғарыдағыдай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі.
3.Ой-толғаныс (рефлексия, жаңа білім құрастырылады) – Рефлексия – тұжырымға келу, қорытындылау, жаңа білімді бекіту. Бұл бағдарламаның қорытынды үшінші кезеңінде үйренгенін саралап, салмақтап ой елегінен өткізеді, білімді бекітеді. Оқушылар осы кезеңде өз шығармашылықтарын көрсете алады. Өзіне және сыныптастарына сын көзбен қарайды. Өздерін бағалайды. Оқып, білгендерін таразылайды. Үйретушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыландырады Тақырып туралы ой-толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі.
Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. Ой толғаныс кезеңінде: Эссе, Топтастыру, Пирамида, Құндылық сызығы, Т кестесі, Sinkuein немесе бес жолды өлең, RAFT, Түйін сөз, Семантикалық карта, Концептуалды таблица, Бір айналым сұхбат т.б тұрады. Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Венн диаграммасы”, “Еркін жазу”, “Семантикалық карта”, “Т кестесі” сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады.
Көрнекті психолог Л. С. Выготский шығармашылық деп жаңа дүниелер жасауды түсіндірген. Ғалымның зерттеулерінде «шығармашылық» ұғымы «жаңалық», «жаңа дүние жасау», «жаңалық ашу» ұғымдарына жақын қолданылып жүр.
Әдіскер –ғалым М. Р. Львов шығармашылыққа оқушылардың жазған өлеңі мен прозасы, шығарған газеттері мен журналдары, сондай-ақ, жеке күнделіктері мен хаттарды т.б. жатқызады.
Ғалым С. Рахметова шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстардың (шығарманың баяндау түрін өзгертіп әңгімелеу, әңгіме бірінші жақпен баяндалатын болса, оны үшінші жаққа айналдыру, әңгімедегі оқиғаға ұқсас өз жандарынан әңгіме құрастыру, т.с.с.) барлығын да баланың шығармашылық қабілетін қалыптастырудың жолдары деп көрсетеді.
Демек, шығармашылық-өздігінен жаңа дүниелер жасау, яғни бұл жерде оқушылардың өз ойынан ойлап шығарған, ешкімдікіне ұқсамайтын дүниесі, оның ойлау мүмкіндігінің жемісі және соған жеткізетін әрекеті деген мағынаны білдіреді. Заман талабына сай әр оқушыда өзіндік көзқарасы, сенімі, ішкі уәжі қалыптасуы керек. Сондықтанда, сабақтарды жоспарлағанда оқушыларда соның ішінде бастауыш сынып оқушыларының сыни ойлауын тудыратын сұрақтар немесе деңгейлік, кеңейтілген, құзырлылық тапсырмалардың болуы шарт.
СТО технологиясы-білім берудің сапасын арттырудағы тиімді жоба. Ол үшін оқытушы сабақтың мақсатын нақтылап, оған шығармашылық тұрғыдан келіп, оқушының білімділік, тәрбиелік жағынан қызығуын арттырып, оныңой-өрісін дамытуда аянбай еңбектенуі қажет. Неміс педагогі А Дистервергтің «Жаман мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді, ойға үйретеді» дегені мәлім. Осы тәжірибені СТО технологиясы да ұстанады. СТО мұғалім мен оқушының арасындағы қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйтқысы болғандықтан, оқушылардың шығармашылығы мен танымдық белсенділігін арттырады. Сын тұрғысынан ойлау негізінде құрылған сабақта тек жақсы оқитын оқушылар ғана белсенді жұмыс істеп қана қоймай, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызып, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуі ойластырылса, әр оқушының оқуға деген қызығушылығы артатыны даусыз. Сондай ақ «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясына негізделген сабақ оқушының ой-өрісін дамытып, жан-жақты, терең білім алуына жағдай жасап қана қоймай, оқушы бірде басқаға көмектессе,бірде басқаның көмегін өзі алады. Оқушы білімді өз ізденісімен, өз біліктілігімен алады, іскерлік дағдылары қалыптасып, артады. СТО бағдарламасы негізінде өткізілген сабақтар оқушының тақырыпты толық меңгеруіне, өз бетінше жұмыс жасауына және уақыт үнемдеге өте ыңғайлы. Бұл технологияны пайдалану жеке тұлғаның ойлау қабілетін дамытуға, эстетикалық тірбие, коммуникативтік қабңлеттерңн шыңдауға, қолайлы шешім қабылдай алуға, ең бастысы, білім сапасын арттыруға негіз болады.
Нәтижесінде:
— оқушы еркін сөйлеп, өз ойын жасқанбай айтуға үйренеді;
— жұппен, топпен жұмыс істей отырып, бірін-бірі сыйлауға, шешімі табылмай жатқан мәселені ақылдасып шешуге ұмтылады;
— бірін-бірі оқытуға және дамытуға үйренеді;
— жағымды қарым-қатынасқа бейімделеді;
— ойы сараланған, дарынды, шығармашыл тұлға қалыптасады.
Қорыта айтқанда, сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы бойынша жүргізілген сабақтар арқылы бастауыш сынып оқушылары іздеудің мән-жайына қаныға, білімді тереңінен айтуға төселеді, дәлелдер келтіру, дәлелдеу тәсілдеріне жаттығады, теория мен практиканың бірлігін игереді, жеке және топпен бірлесіп мәселе түйінін шешу жолдарын табуға жаттығады, өз жолдастарының пікірімен санасуға, өткір сындарды тыңдап одан тиісті қорытындылар жасай білуге машықтанады. Заман талабына сай бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеуде, оқушыларға қажетті білімді меңгертудің тиімді жолдарын, әдіс-тәсілдерін талмай іздеу – әр ұстаздың міндеті. Бұл орайда, Қазақстан Республикасы білімді дамыту тұжырымдамасында: «Адам өзін — өзі жетілдіруге де, жоюға да қабілетті. Адамның өз болмысын тануға, ұмтылуға көмектесіп, тереңде жатқан талап тілегін, қабілеттерін дамытуға тиіс. Сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады»- деп көрсетілген.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы
2. Жаманқұл П. Қ., Муфтибекова З., Орынбаева Н. Н. Оқулықтағы көркем шығармаларды оқытудың әдіс-тәсілдері. 2010.-13 б.
3. Қазақстан Республикасы білім беруді дамыту тұжырымдамасы