7 C
Нур-Султан
Пятница, 29 сентября, 2023
spot_img

Бала тәрбиесі – жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер

Турбаева Г.У. — №54 орта мектебі

          Ұлы Абай атамыз: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді. Қандай тауып айтылған сөз десеңізші. Біздің мамандығымыздың өзі — алдағы атар таң үшін, болашақ үшін қызмет емес пе? Бала өз өміріне қажетті тәрбиені алдымен отбасынан, сосын мектептен алатыны сөзсіз. Қазақ ағартушысы М.Жұмабаев «…Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, ұстаз баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген . Жас ұрпаққа саналы тәрбие және сапалы білім беру деңгейі ең алдымен мұғалімнің даярлығына, оның іс-тәжірибесінің қалыптасып, шыңдалуына байланысты. Тәрбие арқылы адам тағдыры шешілетінін,оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді. Балалар тәрбиесіне, келер ұрпақ тәрбиесіне қай кезеңде болса да, қай елде, қай ұлтта болмасын үлкен мән берілген ғой. Өйткені бала – біздің болашағымыз. Ол үшін балаларды жаман, жақсы деп бөлмей, бірлесіп, аяғынан нық тұруға көмектесу керек. Нашар бала болмайды. Бау-бақшаны баптап, күтіп суарсаң ғана жемісіне кенелесің. Сол сияқты баланың теріс мінездерін үнемі қадағалап, түзету – қоршаған ортаның, ата-ана мен мектептің міндеті. Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бастауы, оның қайнар көзі, ананың сүтінен нәр алып өскен ортасына тікелей байланысты.Ендеше, әр баланың бойына ұлттық сезім, ұлттық үрдіс дарыту – біздің, яғни, мұғалімдердің міндеті. Мен — ұстазбын, мен — мұғаліммін, мен — зерттеушімін, мен жас ұрпақты келешекке жетелеп апаратын — тәрбиешімін. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімін, сонымен қатар сынып жетекшісі ретінде бала тәрбиесіне тікелей араласып келемін. Ұстаздық еткен жылдар ішінде мен өз іс — тәжірибемді түйіндей келе төмендегідей ой қорыттым.

          Егеменді еліміздің ертеңі жастарға жүйелі білім, тәлімді — тәрбие беруде халық педагогикасының мән — маңызы күн өткен сайын артып келеді.

           Қазіргі таңда адамдардың өмірге деген көзқарасының өзгеруі, келеңсіз факторлардың орын алуы балалардың тәрбиесіне түрлі жағымсыз әсерлер туғызады. Осы өзекті мәселенің шешу жолдары ол ұлттық тәрбиеге бет бұру. Еліміздің әр жерінде халық мұрасына, әсіресе, ұлтымыздың салт — дәстүрлеріне деген бетбұрыс, ондағы өзіндік ерекшеліктері жас ұрпақ тәрбиесіне лайық жүргізу, сол арқылы шәкірттерді адамгершілік — шыншылдыққа баулу, әдеп — ізетке үйрету секілді сипаттар мектепте кеңінен өріс алып келеді. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Өйткені тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауына айналады, -деп Әл Фараби айтқандай, адамға ең бірінші тәрбие берілуі тиіс. Тәрбие дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық дәстүрлерін – жас ұрпақтың бойына сіңіру, яғни тәрбиенің маңыздылығы сондай біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады. Баланың жеке қасиеттерінің, психикасының дамып жетілуі үшін педагогтік ұжымның кәсіптік білгірлігі, ата-аналардың саналы көзқарасы және осы принциптерге негізделген мектеп пен отбасы арасындағы тығыз одақ, нәтижелі жұмыс қажет. Мысалы: бұл тұрғыда Әл Фарабидың айтқан пікірі бар. Баланың жасы өскен сайын оның ақылы да, яғни тәнімен бірге жаны да өсіп отырады. Мұның бәрі оның тіршілік қажетінен туындайды. Мәселен, баладағы ең алдымен өсіп-өну қуаты пайда болады. Бұл оның дене бітімінің қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Ана құрсағында – ақ тән түйсігі, біртіндеп дәм, иіс айыратын түйсіктер, заттың, түрін, түсін, пішінін түсіне алу қабілеті қалыптасады. Жан қуаттары өмір барысында оқу тәрбие үстінде дамиды. Бұл үшін адамның өз бетінше, әрекеттенуі, өзіндік белсенділігі ерекше маңызды. Адамның адамгершілік, имандылық қысиеттері де оның өмірден алатын тәжірибесінен, үлкендердің жақсы өнегесінен туындайды. Адам дүниеге ақылды, не ақылсыз, зұлым не ақ ниетті болып келмейді мұның бәрі де жүре пайда болады. Біз жеке тұлғаның дамуында оған бағаны әрдайым айналадағы адамдар береді. Өзіне деген сенімі, өзгелердің пікірі арқылы қалыптасады. Менің пікірімше, бала үнемі жақсы психологиялық жағдайда тәрбиеленуі, оқып өсуі қажет. Сонда ғана онда жағымды «Мен» бейнесі қалыптасады, өзіне деген сенімділігі, өзіндік сезімі туады. Мұндай «Мен» бейнесі кез келген баланың жақсы жағдайда, нәтижеге жетуіне, дұрыс дамуына мүмкіндік береді. Мектеп – бала мен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың жеке адамның дамуына және қалыптасуында әртүрлі факторлардың үйлестіріп, біріктірудің орталығы. Мұнда тәрбие түрлерінің сан алуаны жүзеге асырылады. Баланы тәрбиелеуде бір ғана отбасының алатын орны ерекше деп қорытынды шығаруға болмайды. Мектептің ата-аналармен жүргізілетін жұмыстарының ерекшелігі осы екі жақтың байланысы мен әрекет бірлігінің тұрақтылығынан көрінеді. Бұл тұрақтылықты сынып жетекшісі қамтамасыз етеді. Сынып жетекшілер оқушылардың екінші ата-анасы ретінде бірге жүріп, халықты ғасырлар бойы өз ұрпағын тәрбиелеп келген тәжірибесінен үлгі көрсетуді мақсат-мұраты санайды. Балаларға тәрбиелік жұмыс жүргізуді жан-жақты қарастырып, тиянақты көрсететін тұлға – ол сынып жетекшісі.

          Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезімізде қолға алар ісіміздің өзі ұрпақ тәрбиесі. Қазіргі заманда ең басты мәселе – бала тәрбиесі. Я.А.Коменский балаларға тәлім-тәрбие беріп ұстаздық көрсететін мұғалімді өте жоғары бағалады: «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі. Оларға тамаша қызмет тапсырылған, күн астында одан жоғары еш нәрсе болмақ емес». Балалардың санасы мен мінез-құлқының қалыптасуына тәрбиешінің жеке басының, оның моральдық бейнесінің атқаратын рөлі орасан зор.Бұл әсерді өзінің күші жағынан еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Бұл — ерекше құдіретті күш. Орыстың ұлы педагогі Д.К.Ушинский «Тәрбиеде барлығы да тәрбиешінің жеке басына негізделуге тиіс. Ешқандай жарғы және бағдарлама, ешқандай оқу орнының жасанды орталығы қаншалықты жетілдірілгенімен тәрбие ісінде жеке адамды алмастыра алмайды.      

            Тәрбиешінің тәрбиеленушіге тікелей әсерінсіз мінезқұлыққа сіңерліктей шын тәрбие беруі мүмкін емес» деп жазды. Мұғалім – баланың жеке тұлғасын қалыптастырушысы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік-саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу-мұғалімнің басты міндеті. Мектеп пен ата-ана ынтымақтаса барлық мәселені шешіп отырса, тиісті көлемде көңіл бөлінсе, оқушыға дұрыс пікір қалыптастырса, келешектің шын жанашыр, арқа сүйер азаматтарын тәрбиелеп шығатыны сөзсіз. Ұстаз шәкіртке құрметпен қараса, шәкірт ұстазын сыйлайды. Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған бала тәрбиесі хақындағы тәжірибесі ұланғайыр. Елін, жерін, халқын сүю, ардақтылардың, рухани асыл қазыналарын әспеттеу, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену, әдептілік пен кішіпейілділікке ұмтылу, үлкенді сыйлау мен кішіні құрметтеу сынды толып жатқан қасиеттер арқылы даритынын еске ұстана отырып, мен тәрбие жұмысымды «Халықтық педагогика» негізіне сүйене отырып жүргіземін. Адамның рухани байлығы қашанда мол болу керек. Біз ұрпақтарымыздың зерделі де, ойлы, ақылды да көркем гүлдей жайнап өсе беруін қалаймыз. Сонымен, құнарлы жерде өскен мәуелі ағаш тамыры секілді мектепте берілген ұлттық тәрбие мен білімнің сөлі мен нәрін бойына сіңіріп, қуат алып өскен баланың өмірге деген бейімділігі де, зерделілігі де анағұрлым жоғары тұрмақ. Ұлттық рухани байлығын бойына сіңірген «Мен қазақпын» деген ұрпақ өз бойындағы ізгі қасиеттерді өмірде дұрыс пайдалануға да бейім болады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2030» жолдауында «оқушыларды қазақстандық патриотизмге, шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам қасиеттерін сіңіріп, қалыптастыру керек» делінген. Олай болса, білім мен тәрбиені бір арнаға құю үшін мектеп мұғалімдері, ата-аналар, меткептен тыс мекеме педагогтары баланың бос уақытын тиімді өткізуге қолдау көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді. Ел ертеңі бүгінгі және келешек ұрпақ үшін нақты да нәтижелі, сапалы да саналы жұмыстар атқару – біздің мүдделі мұратымыз.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Макаренко А.С.Тәрбие туралы лекциялары. — Алматы, 1968

2. Сухомлинский В.А. Балаға жүрек жылуы. — Алматы, 1976

3. Обухова Л.Ф. Возрастная психология. — М., 1999

4. Хрипкова А.Г.,.Колесов Д.В. «Жаманнан жирен», «Зиянды әдебиеттер және одан алдын ала сақтандыру туралы». — Алматы: Мектеп, 1988

5. Сабыров Т.Балаларға ақыл-ой тәрбиесін берудің кейбір мәселелері. — Алматы, 1977

6. Уманов Ө.А., Парфенов В.А. Бала бақыты. — Алматы, 1979

7. Хрипкова А.Г. Ұл есейсе, қыз өссе. — Алматы, 1988

8. ХарламовИ.П. Педагогика. — М.,1990

9. Қоянбаев Р. Тәрбиетеориясы. — Алматы, 1991

10. Мұқанов С. Халық мұралары. Алматы, «Қазақстан»

Related Articles

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Stay Connected

3,873ЧитателиЧитать
0ПодписчикиПодписаться
- Advertisement -spot_img

Latest Articles