Қазақ халқы сан ғасырлардан бері мұсылмандықты берік ұстанған ел. Сол себептен дәстүрлі дініміз, ата-баба жолы мұсылман діні деп танимыз. Ғасырлар қойнауындағы қазақ әдебиетінің мұрасы – ұлтымыздың рухани байлығының алтын қоры. Мұсылмандық пен Алланың хақ жолын насихаттайтын өлең-жырлар біздің ата-бабамыздың қаншалықты діни сауатты болғанын көрсетеді. Фольклорлық шығармаларда да, жыраулар әдебиетінде де, Абайдан басталған жазба әдебиетімізде де Құдайды танытатын мұсылмандық бағыт ерекше көрініс тапқан.
Абайды тану арқылы біз Құдайды танимыз. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері Алланы тануға апаратын, кісіні есті қылатын рухани азық. Абай он жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесінде білім алған. Бала оқыту, педагогика ісін қалай жүргізу керектігін де Абай атамыздың мұраларынан үйренуге болады. Оған дәлел, жиырма бесінші қара сөзінде: «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек» [1] -деп, балаға әуелі діни білім беріп, одан соң барып жаратылыстағы өзге білімдерді оқытуға болатынын меңзейді.
Ислам діні жыраулар поэзиясында да кеңінен паш етілген тақырып. Мәселен, Бұхар жырау:
«Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа,
Екінші тілек тілеңіз:
Ер шұғыл, пасық, залымның
Сөзіне еріп азбасқа,
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске,
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа,
Бесінші тілек тілеңіз
Бес уақытта бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа» [2] — деп жырлайды.
Осындай ауыз әдебиетінің мол мұрасынан сусындап өскен Абайдың шығармаларында Хақты тану мәселесі, руханият туралы сөз болмауы мүмкін емес еді. Абайдың Абай болып қалыптасуында әкесі Құнанбайдың да рөлі ерекше. Құнанбай Қажы өз заманында Меккеден қазақтар түсетін қонақ үй салдырған, өн бойында Аллаға деген иманы кәміл кісі болған.
Абайдың өлеңдерінде Құдайды тек Алла деп атамағанын байқаймыз. Алла Тағала бізге өзін 99 есімімен танытса, Абай өз өлеңдерінде Түп ие, Жар, Хақ сияқты терминдерді пайдаланады. Тағы да басқа біз назардан тыс қалдырған атаулар қаншама. Айтқымыз келгені, Абай қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалап қана қоймай, көптеген діни терминдерді қазақтың шұрайлы тілімен аудара білді. Мысалы, Түп ие деген сөз Адамзаттың өзінің қайдан шыққанын ізденгенде түпкі иесі Алла екенін танытатын қандай тапқыр аударма деп таң қаласыз. Мына өлеңінде:
«Мекен берген, халық қылған Ол- Лә мәкән,
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың Оны ойламай,
Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!» [3] – деп жазады.
Келесі бір өлеңінде Абай Алла туралы және оның мұсылманға парыз еткен бес пырызы туралы түсіндіріп, ашық етіп баяндап береді. Ол жолдар былай:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.
Аманту оқымаған кісі барма?
Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға». [4]
Бұл өлеңнің алғашқы жолдары бізге әуелі Алланы рас деп мойындау, сенім білдіру, яғни, бес парыздың біріншісі Калима айтып иман келтіру керек екенін түсіндіреді. Абайдың бұл өлеңі ары қарай иманның басқа шарттарымен жалғасады.
Жиырма сегізінші қара сөзінде «Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен» [1]- деп жазады. Біз Абайдың қара сөздерін оқи отырып мұсылмандықтың шариғи талаптарымен қоса, Алланы тануға қадам басамыз. Қара сөздер Абайдың кемеліне келіп, толысқан шағында жазылған рухани қазына. Сондықтан, Абайдың өлеңдері қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алар бір төбе болса, қара сөздері бір төбе.
Біз бұл мақаламызда қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, руханияттың шырақшысы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы Алланы тану мәселесі мен имандылық тақырыбына тоқталдық. Біз қозғаған тақырып өте ауқымды, бұл жұмысымызда терең мұхиттың тек бір тамшысына ғана тоқтала алдық деп есептейміз. Абайдың рухани мұрасы зерттеле берсін деп тілейміз.
Пайдаланылған дереккөздер:
- https://mezgil.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=31&id=3438
- https://bilim-all.kz/olen/2815-Tilek
- Абай Құнанбаев, Қалың елім қазағым, 153 бет, «Атамұра», 2002ж.
- https://abai.kz/post/7320