Алаш қозғалысы-ХІХ ғасырдағы ағартушылар қозғалысының жалғасы, оның жоғары сатысы. Абай заманында ағартушылық ұлтымызды өркениетке таныстыру, табыстыру кезеңі болды.
Ыбырай Алтынсарин бұлағынан бастау алған Ахмет заманасы-ағартушылықты, ұлтымыздың болмысын сақтап, оны өркениетті халықтармен жарыстыру үшін жүргізілген күрес заманасы еді. Ахмет Байтұрсынов оқу, білімді, ағартушылықты — ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін‖ бостандық жолы деп таныды. Ендеше, Ахаң тек ұлы ағартушы санатында қалмай, оны ұлт-азаттық қозғалысының ең бір айбынды да айдынды шалқар қайнары ете алды,-дейді М.Қозыбаев — Ахмет Байтұрсынұлы-ХХ ғасырдың ұлы реформаторы деген баяндамасында.
Алаш идеясы ХХ ғасыр басындағы рухани мәдени кеңістікте әлемге танымал жәдитшілдіктің Қазақстандағы көшбасшы бағыты еді. Зиялылардың алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес-тін. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз — Алаш». Кереге- мемлекет құрылысы, Алаш – идеология. Тоқтам осы-тын. Алаш жаңа түрдегі еліміздің, байырғы айбарымыздың рәмізі еді. Түрік мұсылман халықтарынан шыққан әрбір жәдитшіл азамат өз Отанының еркін, тәуелсіз болуын, байырғы елдік дәстүрінің озығын мықтап ұстап, демократиялық Батыстың жетістіктерін армандады. Егер сол кездегі қайраткерлеріміздің көздегені жүзеге асқанда, қазір біздің еліміздің қосалқы аты Алаш (Алаш Орда, Алаш үкіметі, Алаш Республикасы) болатындығына күмәніміз кәміл. Осы ретте бәзбіреулер «сонда олар қазақ атынан жерінген бе?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Бұған «әрине жеріген жоқ» деп жауап береміз. Есімізге олардың «Арғы атам – ер түрік, Біз қазақ еліміз», деген ән ұраны түседі. Сонымен бірге зиялылар:
Азаматы Алаштың,
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп ту ұстап,
Баптанатын күн туды, деген жоқ па?
Осыған қарағанда Алаштың ұғымында рухтық, асқақтық, ерлік мағына бар, — деп жазады ғалым Дихан Қамзабекұлы өзінің «Алаштың рухани тұғыры» атты еңбегінде. А.Байтұрсыновтың тарихтағы орнын, оның әлеуметтік қоғамдық істерін, дүниетанымдағы кейбір қайшылықтарын өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – Сәкен Сейфуллин болды. Ол «Еңбекші қазақ» газетіне «Ахмет Байтұрсынұлы 50-де» деген арнаулы мақала жазып онда былай дейді: «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам атарман- шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып,, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап, әліппе мен әріп, тіл мен һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ахмет Байтұрсынов еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда бостандыққа жол көрсеткен Ахмет еді»,- деп жазады өзінің «Ахмет Байтұрсынов» деген ғылыми еңбегінде ғалым Р.Нұрғалиев.
Қазақ халқының ұлттық тілін түрлеп, әдебиетінің өркендеуіне үлкен үлес қосып және оның ғылыми негізін қалап, халқымыздың қоғамдық санасын қалыптастырып, ұлттық сезімін оятып, білімін жетілдіріп, бүкіл саналы өмірін елінің ертеңгі болашағына арнаған аяулы азаматымыздың өмірі жастарымызға әруақытта үлгі болары анық.
Ахметтің әкесі Байтұрсын баласын өзге ағайындары түскен жолға түсірмей, өнер-білім үйретпекші болып, жас кезінде Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ школына берген. Сол школда оқып жүріп 13-ке келгенде әкесі Байтұрсын үкімет алдында «жазықты» кісі болып, Сібірге айдалып кеткен. Мұның себебі Тосын болысының сайлауында шыққан Торғай уезінің начальнигі, «Кәрі ояз» Яковлев Үмбетейге бұрыннан көптігін көрсетіп, зорлық қылып жүрген Дәуітбай тобына болысып, соның сөзін қостап, бұларға қиянат қылғандықтан Байтұрсын кәрі оязды сабап, басын жарған, Байтұрсынның айдалған себебі осы. Бұл оқиға Ахмет Байтұрсыновтың соңғы кездегі «Анама хат» деген өлеңінде бала күндегі жүрегіне қалай әсер еткендігін көрсетеді:
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам, — дегені сол күнде әкесі көрген бейнеттен қалған белгісі,-деп Мұхтар Әуезов Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаянына ыждаһаттылықпен қарайды.
Туған халқымен 60 жылдан кейін қайта көрісіп, табысқан арыстарымыздың ішінде Ж.Аймауытовтың орны ерекше. Бас-аяғы он шақты жылдың ішінде ол пікір білдірмеген қазақ мәдениетінің саласы кемде-кем. Оның еңбектерінде адам бұрын-соңды болмаған шыншылдығымен, толыққандылығымен, адам характерін қалыптастыратын әлеуметтіктарихи, рухани жағдайлармен көрінді. Әсіресе адамның өзін-өзі кемелдендіру жайындағы ойлары айрықша көзге түседі.
Ж.Аймауытовтың адам туралы еңбектерінде адамның қоғамдық табиғаты туралы, адам бойындағы ізгілік, ақыл-парасат, сана-сезім т.б. қасиеттердің қалыптасуы мен дамуындағы орта мен тәрбиенің шешуші рөлі туралы көптеген ғылыми болжамдар айтылған. Оның пікірінше, адамның адамгершілігі, құлқы тума қасиеттер емес. Ол «тұлға концепциясын» таза философиялық тұрғыдан қарастырып қана қоймай, адам тұлғасы туралы көзқарасын, түсінігін өзінің шығармаларындағы өзі жасаған кейіпкерлері арқылы, психология мен педагогика салаларында жазылған еңбектері арқылы зерделеп бере білген.
Біз XX ғасырдағы Ж.Аймауытұлының педагогикалық — психологиялық мұраларының маңызын, дүниетанымын, ғылымда алатын орнын, зерттеу әдісінің өзіндік ерекшеліктерін ұлттық санасезімді бойына қалыптастырған тұлға проблемасын қарастырдық. Осыған орай мынандай міндеттер анықталады:
1) Ж. Аймауытұлының педагогикалық-психологиялық мұраларының маңызы, ондағы тұлға концепциясының орнын анықтау.
2) Ж. Аймауытұлының мұраларындағы тұлға концепциясының қалыптасуында үлттық тәлім-тәрбиенің әсері.
3) Ж.Аймауытұлының адам және жеке тұлға туралы ойлары және оның еңбектеріндегі көрінісін анықтау.
4) Ғалым еңбектеріндегі тұлға мәселесі негізіндегі принциптерін талдау.
5) Аймауытұлының еңбектерінің жаңашылдығы, өзіндік ерекшеліктері, ізденістері адам тұлғасын қалыптастырудағы ғылыми тұжырымдары.
6) Ж. Аймауытұлының психологиялық мұрасын бір қырынан яғни тәлім тәрбиелік (педагогикалық-психологияға қатысты) ой түйіндерін талдау арқылы негіздеу.
Бүгінгі күн талантты, жігерлі, өзіне сенетін адамдардың, арманға бай және оларды жүзеге асыруға ерік-жігері бар адамдардың уақыты‖,- деген Президентіміздің сөздері қазақ педагогикасы тарихының алдына Отанын сүйетін ұлттық тұлға қалыптастырудың жауапкершілігін және оның ғылымда шешу жолдары мен міндеттерін көрсетеді. Бәсекелестіктің күрделі және ауыр процестерінде табыстарға жету үшін халқымызға тән рухын, денсаулығы мен білімін әлемге көрсетуге қабілетті әрбір жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарын қалыптастырып тәрбиелеуді міндеттейді.
Ұлттық құндылықтары бойына қалыптасқан тұлға қандай бол керек? Оның бойындағы ерекше қасиеттердің бірі — туған тілін білу және құрметтеу. Бұл қасиеттерді алаш ардақтылары да өз еңбектерінде айтып кеткен. Әрбір саналы жас үшін ұлт тілі қымбат болуға тиіс деп білген. Әр ұлттың тарихы мен халықтық құндылықтары, мінезі мен сыры тілінде екендігін жете білген адам ғана Отанын сүйе алады және өзіне де адал болады, пайдасы тиеді деп білген.
Қазақ ішінде болыстарға песір болғандар екі-үш жылдың ішінде еріксіз байыды. Ел билеген бір-екі ауыз орысша былдырлап оттай білген атқа мінгендердің алды полковник, арты Хорунжи шенін алды, омыраулары медальға толды. Надан халықтың көзінде — Құдай тілегін берген, аруақ орнап, нар шөккен орын болды. Сөйтіп, жұрттың көбі орыс тілін, орыс оқуын білімді өнерлі болу мақсұтымен үйренбей, дәреже алу, төре болу үшін оқитын болды. Мұның түбі неге соғатынын жұрттың көбі қапелімде сезген де жоқ. Көңілінде — елде жоқ мектепте оқып жүрген жас балалар, һәтта үлкендер де, біріне-бірі орысша хат жазысатын болды, өзара орысша сөйлесетін болды.
Көрген өнегесі, алған тәрбиесі осылай болған соң, орысша оқығандар халықтан алыстап, өз елін өздері менсінбейтін кеселге ұшырай бастады,-деп Міржақып Дулатұлы сол кеңестік кезеңнің өзінде-ақ ана тілімізге төнген қауіпті көре білді, ұрпағын одан сақтандыруды алдына мақсат етіп қойды, білім алудағы мақсаттары «баюдың жолы» болғандарды сынады.
Сөйтіп, М.Дулатұлы «Ел билеген» бірлі-екілі азаматтар алған аздаған білімін өнерлі болып көріну үшін емес, өз қара бастарының қамы үшін жүрген ұрпағының болашағына қынжылды. Орыс тілін ол кезде тек қана баюдың жолы деп санап, өз елін өздері менсінбейтін мәңгүрттікке айналуға қарсы шықты. Шала сауаты бар білімсіз «Елде жоқ» школда оқып жүрген «төре сымақтар» ел жұрттың қамын ойлаған «Отаншыл» жастар емес еді. Тілін шұбарлау сол кездің өзінде шала сауатты «оқыған сымақтардың» сүйекке сіңе бастаған дерті болғандығын Міржақып көре білді.
«Енді әр халық өз тілінде оқуға, өз тілінде жазуға, өз тілінде тергеуге тиіс. Мемлекет законінен бастап, аулынай комитеттердің ісіне шейін, жазу әр халықтың өз тілінде болу керек. Бұған енді дау-дамай жоқ»,-деп-ашына айтты.
Сүйекке сіңген ескі дерттен құтыла алмай, бұл күнге шейін орыстан басшы алып отырған болыстар бар, мұның атын өшіріп, енді «орысшалауды ұмыту керек. Өзінше хат танымайтын бір азамат қалмай, мекемелерде, соттарда жауап беру түгіл, заң-законды өз көзімен, өз тілімен оқи білмейтін біреу де болмасқа тиіс»,-деп елінің болашағының жарқын болып, егеменді ел тізгінін ұстайтын ұлттық тұлғасының болуын және оның сауатты болуын армандады.
Халқының тілін шұбарлағанына қынжылып, шала сауатты мамандардың іс — әрекеттерін сынап, біліміңді тереңдет, өз ана тілінде заңды біл, барлық мекемелерде өз құқығынды өз ана тілінде қорғай біл, бұл жолда рухыңды тәрбиелеп, жетілдір- деді. Тілін шұбарлай бастаған шала сауатты «атқа мінерлер мен төре сымақтардың» іс-әрекеттерін сынады Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу, білікті маман дайындау, ұлттық тұлға қалыптастыру қай кезең, қай қоғам болмасын өзекті мәселе екендігін де көре білді.
Тәрбие тек адам баласына қатысты ұғым. Оның нәтижесінде ең жақсы қасиеттер – тәні мен жанының саулығы, отбасының татулығы, береке мен тоқшылық, мейрімділік пен сыйластық, өзгенің қуанышына қуана біліп, қайғысына ортақтасу, өзіңе ұнайтын, жаныңа жақын қызметіңді істеп, өзіңе де өзгеге де сыйлы болу. Айнала қоршаған ортаң, туыстарың, қызметтестеріңнің көніл-күйі жақсы болып, қуанышықа бөлену. Міне, тәрбие арқылы келетін бұл қасиетті ұғымдардың жиынтығын бақыт дейміз. «Бақыт» деген ұғымның мағынасын осылайша түсініп, сезінеміз..
Алаш ардақтылары «Адам» атты ұлы есімнің бойында тек жақсы қасиеттер мен ісәрекеттер ғана болуға тиіс деп, ұрпағын соған ынталандырады. Қазақтың ұлы қайраткерлері әрбір ұлттың, қалса адамзат баласының бақытты болуын армандаған. Қай ұлттың болмасын шын мағынасындағы «Адам» болып қалуына үлесін қосқан. Олар өз ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған. Әрбір ұлт мүшесінің ұлттық тәлім тәрбие алуын аңсаған. Тәрбиедегі мақсат-әрбір ұлт мүшесі өз ұлтының ұлттық қасиеттерін бойына сіңіріп, адам атты аяулы есімді ардақтап, ұлттық тәлім тәрбиемен қарулануы қажет деген.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Мұхамедханов, Қ. Әлихан Бөкейханов [Телехабар] / Қ. Мұхамедханов. — Семипалатинск телевидениесі, 1989. — 20 июнь. — Машинкамен терілген 14 парақ. — Телехабар авторы және жүргізушісі Қ.Мұхамедханов.
2. Мұхамедханов, Қ. Әлихан Бөкейханов [Мәтін] / Қ. Мұхамедханов // Семей таңы. — 1990. — 17 қаңтар. — Б. 3-4; Қазақ әдебиеті. — 1990. — 8 маусым — Б. 10-11; 15 маусым — Б. 10-11.
3. Мұхамедханов, Қ. Әлихан Бөкейханов [Телехабар] / Қ. Мұхамедханов. — Семипалатинск телевидениесі, 1991. — 28 октябрь. — 40 п. мәтін, фотосуреттер, құжаттар т.б. — Телехабар авторы және жүргізушісі Қ.Мұхамедханов.
4. Мұхамедханов, Қ. Әлихан Бөкейхановтың Абай туралы мақалалары (1903, 1905, 1907 ж.ж) [Мәтін] / Қ. Мұхамедханов // Абай. — 1992. — №2. — Б. 23-27.
5. Мұқаметханов, Қ. Әлихан Бөкейханов [Мәтін] / Қ. Мұхамедханұлы [Мұхамедханов] // Абай : энциклопедия. — Алматы : Қазақ энциклопедиясы : Атамұра, 1995. — Б. 166 -167.
6. Мұхамедханов, Қ. Абай мұрагерлері [Мәтін] Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер енген] / шығармаларын жинап, зерттеп, өмірбаяндары жазып, баспаға әзірлеген Қ. Мұхамедханов. — Алматы : Атамұра, 1995. — 208 б.
7. Мұхамедханұлы, Қ. Абайды тұңғыш рет баспасөзде танытқан Әлихан Бөкейханов [Мәтін] / Қ. Мұхамедханұлы [Мұхамедханов] // Түркістан. — 1995. — 9 тамыз. — Б.